Елімізде жүргізуші куәлігін алу емтиханына өзгеріс енгізіледі

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

Оның айтуынша, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігін емтихансыз алу фактілері бар. Осыған байланысты сынаққа келетін адамды тексеру шаралары күшейтіледі.

Алдағы уақытта жүргізуші куәлігін алуға арналған емтихандарда биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жоспарда бар. Атап айтқанда, теориялық емтиханға кірердің алдында және емтихан үстінде тексеріс жасалады. Бұдан бөлек, практикалық емтиханда да тура сондай тексеріс болады, — деді Бағдат Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Айта кетейік, бүгінгі шарада министр Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ХҚО-да жүргізуші куәлігін емтихансыз беру фактілерін көргенін мәлімдеді.

Қазіргі кезде біз тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. Тосқауыл қойылды. Мәселен кеше Нұр-Сұлтандағы халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықта үш адам ғана жүргізуші куәлігін алды. Бұл дегеніміз, бақылау күшейтілді. Қосымша адамдарды қойдық. Олар емтиханға кіретін адамдарды тексеріп отырады, — деп түсіндірді Бағдат Мусин.