Ақтауда 15 миллион теңгенің пластик қызғалдақтары бүліне бастады

Бұл туралы жергілікті Лада басылымы хабарлады.

Пластик гүлдердің біразы құлап жатыр. Ал газондағы электр желілері ашық күйінде қалған, — делінген хабарламада.

Туристерді тарту мақсатында пластиктен жасалған «Гүлдер алаңына» бюджеттің 15 миллион теңгесі жұмсалған. Тұрғындар желіде мұншалықты қаржыға пластик гүлдің «егілгеніне» наразылықтарын білдірген. Желі қолданушылары алаңның жұмысына сапасыз материалдар пайдаланылғанын жазды.

«Лада» басылымының хабарлауынша, кейбір жерде гүл түптері құлап қалған. Ал жасанды газонның өзі қисық орнатылған. Инсталляцияның электр желілері оқшауландырылмаған. Видеода оның газон үстінде жатқаныны байқауға болады, — деп жазды Лада порталы.

Еске салайық, «Ынтымақ» алаңындағы газон орнына бюджеттің 15 404 000 теңгесіне пластиктен жасалған «Гүлдер алаңы» орнатылған болатын.

Әкімдіктің хабарлауынша, декоративті жарықтандыруды Clover media group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Олармен келісімшарт 16 қыркүйекте жасалған.