Қазақстанда қанша қар барысы бар?

Қар барысы таралу ауқымы мен саны азая бастаған жыртқыш ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарына қарағанда, елімізде 130-ға жуық қар барысы бар.

Олар 9 ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейді: Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Көлсай көлдері, Катон Қарағай, Сайрам-Өгем, Шарын, Алтын Емел МҰТП, Ақсу-Жабағылы және Алматы мемлекеттік табиғи қорықтары.

Фототұзақ арқылы «Алтын-Емел» МҰТП аумағын да қар бырысы мекен ететіні анықталды. Мұнда қар барысының отбасы тіркелген.

Қар барысы 2 700-5 000 метр биіктікте өмір сүреді. Құйрығының ұзындығы 1 метрге, денесінің ұзындығы 2,1 метр жететіндері де кездеседі.

Жер бетіндегі қар барысының жалпы саны — 4-6 мың аралығында. Қар барысы Қазақстаннан басқа Қытай, Моңғолия, Индия, Непал, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Ресей, Ауғанстан, Бутан, Өзбекстан жерлерінде де кездеседі.