Елімізде «Қазақанимация» бірлестігі құрылады

Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.

2025 жылға дейін отандық анимациялық контентті шығаратын сервистік компания ретінде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру арқылы 40 отандық анимациялық фильмді түсіреді. 2023 жылдан бастап барлық жүргізіліп жатқан мәдени іс-шара, театр маусымдары, кітапхана қорлары, музейлер мен көрмелер туралы ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, e-culture.kz бірыңғай электронды платформасы іске қосылады, — деді ведомство басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Министр сонымен бірге отбасылық көрсетілімге арналған халықаралық стандарттар бойынша күту рейтингі жоғары анимациялық фильмдердің кең дистрибуциялы дубляжын қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтты.

20 пленкалық көшірмелерді цифрландыру мен фильмдерді реставрациялау, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясының жаңғыртылуы жоспарланған, — деді ведомство басшысы.

Еске салайық, бұған дейін танымал анимациялық және танымдық арналар қазақшаланатындығы хабарланды.