Алдағы қыста ауа райы қандай болады?

Қараша айының бірінші жартысы жылы болады деп болжанып отыр.

Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасының түнде -3+2°С-тан -8-13°С-қа дейін, күндіз +3+10°С-тан -2+3°С-қа дейін ауытқуы мүмкін. Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында екпінді желмен жауын-шашын (көбінесе қар түрінде) бірінші онкүндіктің соңында және айдың екінші жартысында жаууы мүмкін, — делінген хабарламада.

Көктайғақ пен тұман бір ай бойы жиі болады. Айдың екінші жартысының ең суық күндерінде термометр бағанасы түнде -17-25°С-қа дейін, күндіз -8-13°С-қа дейін, ал еліміздің шығысында түнде -30°С-қа дейін, күндіз -18°С-қа дейін төмендейді. Қарашаның үшінші онкүндігінде аяздың әлсіреуі күтіледі, күндіз оң мәндерге дейін.

Еліміздің батысы, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жауын-шашын жауады жаңбыр мен жылбысқы қар түрінде. Ең жылы күндер айдың бірінші жартысында болжанады, күндіз ауа температурасы +10+18°C-қа дейін жоғарылауы мүмкін, алайда қарашаның екінші жартысында температура фоны түнде -5-17°C, күндіз -2-7°C-қа дейін төмендейді. Үшінші онкүндікте күн қайтадан жылынады.

Қазақстанда 2021-2022 жылы қыс климаттық нормаға жуық болады деп болжанады.

Желтоқсанда cолтүстік аймақтарда қарлы боранмен күндер саны артады, ал оңтүстік аймақтарда тұман мен көктайғақ жиі байқалады.

Желтоқсан айында жауын — шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан аз, еліміздің солтүстік жартысы мен шығысында норма шамасында, Қазақстанның қиыр солтүстігінде нормадан көп болады деп болжанады.

Қаңтар — жылдың ең суық айы, өйткені Моңғолия аймағынан антициклонының әсері күшейе түседі.  Түнде термометр бағаны Қазақстанның солтүстік жартысында -35-40°С-қа дейін, оңтүстігінде -22-30°С-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Орташа айлық ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде нормадан 1-2° төмен, еліміздің қиыр батысында, оңтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында норма шамасында болады деп күтілуде. Республика бойынша жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан аз, еліміздің қиыр солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және Алматы облысының оңтүстік-шығысында — норма шамасында болжанады, — делінген хабарламада.

Ақпан қыс мезгілін аяқтайды, бірақ оның климаттық сипаттамалары мен айналым ерекшеліктері қаңтарға өте жақын. Қар мен боран, әдетте, Қазақстанның солтүстік жартысында сақталады.

Орташа айлық ауа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстік-шығысында нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын республиканың басым бөлігінде норма шамасында, еліміздің оңтүстік-батыс жартысында, Орталық Қазақстанның батысында нормадан аз, республикамыздың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болжанады, — делінген хабарламада.

Қазақстанның оңтүстігі үшін Наурыз — әдеттегі көктем айы, ал солтүстік облыстарда қыс жалғаса береді. Наурызда ауа-райы қатты өзгеріп тұрады.

Наурыз айы ауа температурасының күрт ауытқуымен және жиі жауын-шашынның жаууымен сипатталады. Болжам бойынша көктемнің алғашқы айы суық болады деп күтілуде. Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2° төмен, ал Қазақстанның қиыр батысында норма шамасында болады деп күтілуде. Наурызда жауын-шашын мөлшері республиканың солтүстік жартысында және қиыр оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында норма шамасында, елдің оңтүстік жартысында нормадан аз болады деп болжанады, — делінген хабарламада.

Ескертпе: маусымдық болжам ауа температурасы мен жауын-шашынның климаттық нормасынан ауытқуды білдіреді.

Маусымдық болжамдардың орташа ақталуы 60-65%, өйткені болжамның қателігі ол әзірленетін мерзіммен бірге артады. Сондықтан маусымдық болжамды консультативтік болжам ретінде пайдалану керек, ол кейіннен айға, онкүндікке, аптаға арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады.