Алматы метросының екі стансасы ашылуға 91% дайын

Қазіргі таңда «Сарыарқа» және «Б. Момышұлы» бекеттерін әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен брге екінші іске қосу кешені аралық тоннельдерден тұрады.

Метрополитеннің бірінші учаскелік трассасы Абай даңғылында, Алтынсарин даңғылынан Яссауи көшесіне дейін батыс бағытта орналасқан. Құрылыстың ұзындығы 3,08 шақырымды құрайды.

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Екінші іске қосу кешенінің жалпы дайындығы 91%-ті құрайды. Бүгінде темір-бетон конструкцияларының құрылысы, аралық тоннельдерді қазу аяқталды.  Сәулет-әрлеу жұмыстары, жолдың жоғарғы құрылысы аяқталуға жақын. Қосалқы жұмыстарға инженерлік желілерді төсеу және жабдықты іске қосу кіреді.

Бүгінде орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 30 мың адамды құрайды. Мамандардың есептеуі бойынша, екінші іске қосу кешені пайдалануға берілген соң орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 86 мың адамға жетеді. Бұл Абай даңғылындағы көлік қозғалысын едәуір жеңілдетуге және мыңдаған қала тұрғынды мен қонақтардың мобильділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Сарыарқа» бекеті – терең төсемді, пилон типті. Вестибюльден, екі кіру тобынан тұрады. 2 Лифт, 8 эскалатор орнатылды. Ол «Фэмили» саябағының жанына, №3 және 8, 12 шағын аудандар бар, яғни қаланың ең тығыз аудандарының бірінде орналасқан.

«Б.Момышұлы» бекеті – ұсақ қаланған, колонна типті. Екі жерасты вестибюльінен, алты кіру тобынан тұрады. 6 лифт, 15 эскалатор қарастырылған. Абай даңғылының жүріс бөлігінің астында, Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Бекет Жетісу, Жетісу-2, Жетісу-4, Мамыр, Мамыр-5, Мамыр-7 шағын аудандарын қамтиды.

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жыл соңына дейін стансалардың техникалық іске қосылуын қамтамасыз ету үшін құрылыс-әрлеу жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізуді тапсырды. Ол үшінші іске қосу кешені құрылысының барысын бағалады.

Метро. Алматы
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Метрополитеннің үшінші учаскелік трассасының құрылысы Абай даңғылында, Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейін батыс бағытта жүріп жатыр. Ұзындығы 2,5 шақырым қос жолды бағыттағы аралық тоннельдерден және ұсақ төселген «Қалқаман» бекетінен тұрады. Құрылысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Есептік жолаушылар ағыны күніне шамамен 93 мың адамды құрайды.