Ішкі істер министрі төрт бірдей басшыны ауыстырды

Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Дәулет Рахымбеков Нұр-Сұлтан қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болды. Бұған дейін ол басшының орынбасары қызметін атқарған. Ішкі істер органдарында 1993 жылдан бастап жұмыс істейді. Еңбек жолын Ақмола облысының Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы болып бастаған.

Шымкент қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына Теңізжан Жәнібеков тағайындалды. Тергеушінің көмекшісі қызметінен бастаған әділет полковнигінің 26 жылдық еңбек өтілі бар. Ал пенитенциарлық жүйеде 2002 жылдан бастап жұмыс істейді. Кейінгі лауазымы – қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары.

Алматы облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығына Игілік Хасенов келді. Бұған дейін ол комитетте басқарма бастығы қызметін атқарған. Әділет полковнигі 1998 жылдан бері пенитенциарлық жүйеде еңбек етіп жүр. Нұр-Сұлтан қаласы, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының қылмыстық-атқару жүйесінде әртүрлі басшылық лауазымдарда болған.

Ал Жамбыл облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментін әділет полковнигі Нияз Рыспаев басқарады. Осы уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.