Атырау облысында өрттен үш бала қаза тапты

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылдың 5 қазанында сағат 19:27-де кезекші пультіне Махамбет ауданы Ортақшыл ауылы Жаскеленов көшесіндегі үйдің ауласына жиналған 22 дана бума шөп жанып жатқаны туралы хабар келіп түскен.

Оқиға орнына №11 ӨСБ-нің өрт сөндірушілері 19:45 жетіп, өрт 23:07 минутта толығымен сөндірілген.

Алайда, 6 қазан күні 00.02 минутта Махамбет аудандық полиция бөлімінен Ортақшыл ауылында 3 кәмелет жасына толмаған балалардың белгісіз жағдайда жоғалғандығы туралы хабарлама келген.

Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкері, 3 бірлік техникасы, 2 кинологиялық есеп, полиция департаменті қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Жоғалған 2014 жылғы екі бала мен 2012 жылғы бір баланың денесі өртенген шөптің арасынан табылды. Олардың денесі Полиция департаменті қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды, — делінген хабарламада.

Атырау облысы, өрт
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтардан өрт қауіпсіздігін сақтауды сұрайды.

Құрметті қазақстандықтар! Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауды және балаларды қараусыз қалдырмауларыңызды ескертеді, — делінген хабарламада.