Қазақстан мен Өзбекстанның Ұлттық ұландары ынтымақтастығын нығайтты

Бұл туралы Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

Сапар өзбекстандық тараптың шақыруымен қызметтік-жауынгерлік әрекет бойынша тәжірибе алмасу және әр түрлі салада екіжақты ынтымақтастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Қазақстандықтар алдымен Өзбекстан Ұлттық ұланының Орталық аппаратында болып, Қолбасшы генерал-майор Рустам Джураевпен кездесті. Жүздесу барысында бірқатар келісімдер бойынша келіссөздер өткізіліп, құжаттарға қол қойылды.

Тараптар әңгіме-дүкен барысында негізгі мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, маңызды мемлекеттік нысандар мен жүктерді күзету, екі ел арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің біріккен арнайы-тактикалық жаттығуларын, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық ұлан Әскери институтымен білім беру бағдарламасын іске асыру бойынша тәжірибе алмасу сұрақтары әңгіме арқауы болды.

Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Фото: Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Сапар аясында ҚР Ұлттық ұлан делегациясы Қоғамдық қауіпсіздік университетінде, Арнайы оқу орнында, Ташкент қаласының күзету бөлімін, Кавалериялық эскадронда және тағы басқа нысандарда болып, қызметтік-жауынгерлік әрекеттің әр түрлі мәселелері бойынша Өзбекстан Ұлттық ұланының тәжірибесімен танысты.

Делегация басшысы  генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов  ықпалдастық жоспарына қол қою кезінде екі жақты ынтымақтастықты дамыту, нығайту және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара әрекеттесу әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.

Тараптар, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық ұланы өкілдері кинологтарының жеке-командалық жарыстарына, бақылаушы ретінде күрең берет квалификациялық сынақтарына қатысуға, сонымен қатар таулы және арнайы-тактикалық дайындық бойынша Қазақстан және Өзбекстан Ұлттық ұландарының арнайы мақсаттағы жауынгерлері арасында тәжірибелік семинар-жиналысын өткізу туралы келісімге қол жеткізді.

Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Фото: Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Бұдан бөлек, Өзбекстан Ұлттық ұланының басшылығы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған әскери-үрмелі оркестрлер арасындағы халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней – 2022» фестиваліне  және Ішкі істер минстрінің кубогіне арналған жекпе-жек ұрыс бойынша Халықаралық турнирге қатысуға ынта танытты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да