Асқар Мамин су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев суармалы жерлердің ауданын 2025 жылға қарай 2,2 миллион гектарға дейін, ал 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін кеңейту бойынша нақты міндетті айқындады.

Бүгінде халық пен экономика салалары үшін су алудың жалпы көлемі шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Жыл өткен сайын қажеттіліктер арта беретін болады және бұл  суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше шақырымға қысқарады.

Осы ретте, алдағы бес жылдық кезеңде ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын 120 каналды реконструкциялау мен жалпы көлемі 1,7 миллиард текше метр болатын 9 ірі су қоймасын салу жөнінде шаралар қабылданады. Сонымен бірге өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды жаңғырту, жөндеу және оларға қызмет көрсету жүргізіледі.

Жалпы, су қоймаларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану жыл сайын 6,4 текше шақырым көлемінде қосымша су ресурстарын жинауды қамтамасыз етеді. Бұл шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да бар, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасын, 120 каналды салу мен реконструкциялаудың, сондай-ақ оларды цифрландырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2025 жылға дейінгі өңірлік жол карталарын бір ай мерзімде әзірлеу, сондай-ақ, жайылымдардағы гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды және скважиналарды жаңғырту бойынша шараларды қабылдау тапсырылды.

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, суды көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақтаның егістік жерлерін кезең-кезеңімен азайту мәселесін пысықтауды тапсырды.