Сенатор: «Журналист мәртебесі» туралы арнайы заң қабылдау қажет

БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ, − деді депутат Парламент Сенатының отырысында.

Сенат депутаты кейбір шенеуніктер төтенше жағдай кездерінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жататынын атап өтті.

Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру – халықты мемлекеттік ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Көршіміз Ресейдегі жағдай мүлде басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген, − деді ол.

Нұртөре Жүсіп елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп отырған журналистерге полицейлер секілді тиісті жағдай жасалмай келе жатқанын жеткізді.

Пандемия тұсында 200-ге тарта журналист пен жазушы өмірден өтті. АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына 28 мыңнан 75 мың долларға дейінгі аралықта. Ал бізде бір жылда табатыны – 3-4 мың доллар шамасында ғана, –  деді депутат.

Осыған орай сенатор «Журналист мәртебесі» туралы арнайы заң қабылдау қажеттігін баса айтты.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Отандық масс-медиа Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының пәрменді құралы болуға тиіс. Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын, –  деді Нұртөре Жүсіп.