Falcon 9 зымыран-тасымалдаушысы Кеннеди айлағынан ұшып, Crew Dragon ғарыш кемесін 575 шақырым биікке шығарды. Жолаушылар ғарышта үш тәулік болып, ғылыми зерттеу жұмысын істеді.
SpaceX ғарыш кемесінің жолаушылары кімдер?
Миссияны ұйымдастырған — америкалық миллиардер, кәсіпкер, ұшқыш, ғарышкер-коммерсант, Shift4 Payments басшысы Джаред Айзекман. Оған дәрігер Хэйли Ансеро серік болатыны белгілі еді. Ал ұшқыш Крис Семброски мен мұғалім Сиан Проктор конкурс арқылы жолаушылар қатарына қосылды.
Төрт адамнан тұратын экипажды SpaceX жарты жыл бойы ғарыш сапарына дайындады, бірақ соған қарамастан Dragon капсуласын SpaceX жерден басқарып, оның жүріс-тұрысын бақылап отырды.
Экипаж капитаны — Джаред Айзекман. Ол төлем карталарының операциясын өңдейтін жүйеге иелік етеді. Табысының басым бөлігін осы компанияда тапқан. Ол бала кезгі күнгі арманын орындап, ғарышқа ұшты. Өзі ұшып қана қоймай, жанына үш адамды серік етіп алды.
29 жастағы Хэйли Ансеро медицина саласында жұмыс істейді. Бала кезінде Хэйли сүйек обырымен күресіп, жеңіп шыққан. Ендігі мақсаты — ғарышқа ұшқанда 200 миллион доллар қаржы жинау. Ол қаржыны обыр дертіне қарсы күреске жұмсамақ.
Сиан Проктор — геофизик әрі мұғалім. 2009 жылы ол NASA-ның іріктеуіне қатысып, ғарышкер болуға жақын еді. Алайда финалға өте алмаған. Ал ғарыш кемесіндегі орнын конкурста жеңіп алды.
42 жастағы Крис Семброски АҚШ әскери әуе күштерінің ардагері, Lockheed Martin аэроғарыш компаниясында инжерер болып жұмыс істейді. Ол конкурсқа қатысқанымен билетт бұйырмады. Бірақ билетті жеңіп алған оның досы орнын Криске берді.
Ғарыш туризмі
Crew Dragon ғарыш кемесін орбитаға Falcon 9 зымыраны шығарды дедік. Бұл зымыран бұған дейін де ғарышқа ұшқан. Бұл жолы ғарыш жолаушылары Халықаралық ғарыш айлағына қосылмай, одан да биікке ұшты. Ал модульдерді түйістіру тетігінің орнына инженерлер ғарыш көрінісі ашылатын үлкен панорамалы дәретхана жасаған.
SpaceX пен Inspiration4 бұл миссияны «толықтай азаматтық» деп атайды. Өйткені экипаж құрамында ғарышкер жоқ. Дегенмен ғарышқа қарапайым адамдарды апару жаңа пайда болған идея емес. 2000 жылдардың басында қалталы екі азамат Халықаралық ғарыш станциясына екі аптаға сапарлады. Мұндай сапарлар 2009 жылға дейін жалғасқан. Кейін NASA ғарышкерлерін ұшыру үшін Ресей зымырандарындағы барлық орынды сатып алды.
SpaceX миссиясының ерекшелігі не?
Биыл ғарышқа туристер екі мәрте ұшқан. Шілде айында британиялық кәсіпкер, миллиардер Ричард Брэнсон және өзі негізін қалаған Virgin Galactic компаниясының бірнеше қызметкері Орбитаға шықты. Олар Жер мен ғарыштың шекарасы есептелетін 80 шақырым биікке ұшты. Артынша америкалық кәсіпкер, Amazon компаниясының иесі Джефф Безос пен оның інісі және бір студент пен 82 жастағы бұрынғы ұшқыш 100 шақырым биікке көтерілді.
Бұл екеуімен салыстырғанда SpaceX миссиясының екі артықшылығы бар. Олар:
- Crew Dragon 580 шақырым биікке көтеріледі;
- Кеме экипажы ғарышта үш тәулік болып, зерттеу жұмысын жасайды;
- Дайындық барысында жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.
Мақсаты қандай?
Экипаж мүшелері дайындық кезінде 15 миллион доллар қаржы жинады, оны қайырымдылық қорына аудармақ. Бұған қоса, Джаред Айзекманның өзі 100 миллион доллар ақшасын қайырымдылыққа жұмсайды.
Ғарышқа жолаушылар тек турист ретінде барған жоқ, кішігірім ғылыми зерттеу жұмысын жасады. Олар микрогравитацияның адам ағзасына қалай әсер ететінін зерттеді. Ғарышқа ұшпастан бұрын экипаж мүшелерінен биологиялық үлгілер алынған, келген соң салыстырады. Бұл болашақта адамдардың Ай мен Марсқа ұшуына қажет зерттеу болмақ.
Айбар Рысдәулет