Басты бетҚоғамҚазақстандық әскерилер...

Қазақстандық әскерилер бокстан әлем чемпионатында үш алтын жеңді

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Теміртас Жүсіпов 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, алтын жүлде алды. Ақтық жекпе-жекте армия боксшысы бразилиялық Консейкао Леандерсты төрешілердің шешімімен бірауыздан жеңді.

Құрама қоржынына екінші алтын салған Тимур Нұрсейітов (75 келіге дейін) ресейлік боксшы Алексей Семыкинді ұтты.

Абзал Құттыбеков 90 келіден астам салмақ дәрежесінде ресейлік Иван Сагайдакпен жекпе-жекте жеңіске жетіп, үшінші қазақстандық чемпион атанды.

Дәмир Әбдіқадыр (52 келіге дейін) ресейлік боксшы Дмитрий Двалиге есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.

Чемпионатта Жасмин Кизатоваға (69 келіге дейін), Рүстем Шәуменовке (56 келіге дейін) және Айтжан Әшірханға (64 келіге дейін) қола медаль бұйырды.

Айта кетейік, жарыс Мәскеуде Әскери спорттың халықаралық кеңесінің (CISM) қолдауымен өтті. Чемпионатқа барлығы 36 елден келген 230-дан астам боксшы қатысып, ерлер арасында 10 салмақ дәрежесінде, ал әйелдер арасында 5 салмақ дәрежесінде жекпе-жектер өтті.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы Ресей командасынан кейінгі екінші орынға тұрақтады.