Вакцина алған қазақстандықтар қай елдерге ПТР-тест тапсырмай-ақ кіре алады?

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Грузия, Қырғызстан, Венгрия, Молдова, Моңғолия, Таиланд және Түркияның уәкілетті органдарымен вакцина паспорттарын өзара тану бойынша ноталармен алмасты.

Осылайша коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсынан өткен Қазақстан мен жоғарыда аталған елдердің азаматтары вакцина паспорты негізінде мемлекеттік шекараны карантиндік шектеулерсіз (ПТР-ест тапсыру, өзін-өзі оқшалау және т.б.) кесіп өте алады, — делінген хабарламада.

Сонымен бірге Беларусь, Вьетнам, Мысыр және Оман сияқты елдер шет мемлекеттердің вакцина паспорттарын біржақты тәртіппен танып, азаматтардың ел аумағына кіруін жеңілдетті. Бұл елдерге бару үшін Қазақстан азаматтарына шекарадағы өткізу пунктерінде коронавирусқа қарсы вакцина алғанын растайтын құжатты ұсыну жеткілікті.

Бұдан бөлек, қазір Аргентина, Армения, Әзербайжан, Иордания, Индонезия, Марокко, Өзбекстан, Ресей, Филиппин және тағы басқа мемлекеттермен вакцина паспортын өзара тану бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Тиісті жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда, бұл мәселе Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің бақылауында.