Асхат Аймағамбетов Пермьдегі атысқа байланысты көңіл айтты

Зардап шеккендердің тез сауығып кетуін тілеймін. Қазан мектебінде болған теракт кезінде қаза тапқандардың жақындарының жаралары да әлі жазыла қоймады. Бұл қайғылы оқиғалар еліміздегі мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында балалардың қауіпсіздігін жақсарту қаншалықты маңызды және аса қажет екенін көрсетеді. Олардың қауіпсіздік мәселесі білім беру мекемесінің әрбір басшысының басты міндеті болуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар беріп қойған. Сонымен бірге бұл мәселе Үкімет отырысында да жан-жақты қаралып, әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді, − деді Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі жазбасында.

Білім министрі жоғары оқу орындарының басшылығына оқу ғимараттарында да, жатақханаларда да қауіпсіздікті күшейту бойынша жеке нұсқаулық берілгенін айтты.

Нұсқалықта жабдықтарға түгендеу жүргізу, орталықтан басқарылатын бейнекамералармен қамтамасыз ету, кіріп-шығудың бақылау режимін күшейту, сонымен қатар университеттерде және төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйрететін сабақтар өткізу туралы жазылған.

Асхат Аймағамбетов министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірге білім беру объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру туралы құжат әзірлегенін атап өтті.

Бұл құжат жобасын қоғамдық талқылау кезінде Білім және ғылым министрлігіне  2 мыңнан астам сұрақтар мен түсініктемелер келіп түскен.

Құжат кейбір азаматтардың алаңдаушылығын туғызды, олар дабыл түймелерін, бейнебақылау жүйесін, турникеттерді орнатуға және төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер бойынша жаттығулар өткізуге қарсы екенін жазды. Бірақ мен бұл шаралардың барлығы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталатынын айтып жауап беремін. Әр оқу орнында барлық қауіпсіздік шаралары қолданылуы керек. Әкімдіктер бұл мәселені кешенді түрде шешу үшін қосымша қаражат бөледі, − деп мәлімдеді Асхат Аймағамбетов.

Министр техникалық шаралардан басқа, қызметкерлер мен дәріс алушылардың төтенше жағдайларда әрекет етуге қатысты білімі мен дайындығы да маңызды екенін айтты.

Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту мәселесі өте өзекті. Біз бұл аспектке ерекше мән береміз, − деді білім министрі.