Қымбат Досжан мен Мақпал Жұмабай жаңа лауазымға тағайындалды

Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басшылығының шешімімен журналист Мақпал Жұмабай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Мақпал Жұмабай корпорацияда 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Qazaqstan телеарнасының «Таңғы бағдарламалар» бірлестігінің шеф-редакторы, «Balapan» телеарнасының шеф-редакторы, продюсері міндеттерін атқарды. 2018 жылдан бастап қазіргі күнге дейін «Balapan» телеарнасының директоры лауазымында болды.

Ал «Balapan» телеарнасының директоры болып журналист, тележүргізуші Қымбат Досжан тағайындалды.

Айта кетейік, Қымбат Досжанның қазақ телевизиясында 40 жылға жуық уақыт тәжірибесі бар. «Qazaqstan» телеарнасы «Жаңалықтар» қызметінің продюсер-жүргізушісі, «Қазақ» радиосының жүргізушісі, «Қазақ» радиосының бас редакторы міндеттерін атқарды. Қазіргі уақытта «Qazaqstan» телеарнасындағы «Қымбат жандар» авторлық әлеуметтік бағдарламасының жүргізушісі.

Телерадиокорпорация салада, соның ішінде, корпорация құрамындағы теле және радиоарналарда ұзақ уақыттан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан мамандарға үнемі басымдық береді. Бүгінгі тағайындаулар да осы ұстаным бойынша жүзеге асып отыр, − деді басқарма төрағасы Ләззат Танысбай.