Қазақстанның қай өңірлерінде патогендік зертхана салынады?

Денсаулық сақтау вице-министрі – бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын Мәжілісте таныстыра отырып, зертхана салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жобаны іске асыру үшін кем дегенде 7,7 миллиард теңге қажет. Сонымен бірге биоқауіпсіздік саласындағы бірыңғай мемлекеттік ақпарат жүйе құру үшін 200 миллион теңге керек екен. Ал микроорганизмдер коллекциясын ұстауға 400 миллион теңге бөлу ұсынылып отыр.

Заң жобасы аясында қолда бар зертханалық базаны қосымша жарақтандыруға және жетілдіруге (5,5 миллиард теңге), физикалық қорғанысты жетілдіруге (0,4 миллиард теңге), иммундық-биологиялық препараттарды GMP талаптары бойынша шығару жөніндегі ғимарат салуға (7,7 миллиард теңге), сонымен бірге ШҚО, Түркістан, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтанда патогендігі II санаттағы микроорганизмдермен жұмысты жүзеге асыратын 4 зертхана салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге (0,3 млрд теңге) бюджеттен 14,4 млрд теңге жұмсау көзделген, − деді Ерлан Қиясов.