Басты бетҚоғамSARAP сарапшылар...

SARAP сарапшылар клубында өңірлік саясатты жетілдіру мәселесі талқыланды

Іс-шараны ақарат және қоғамдық даму министрлігініңк қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.

Отырысты ашқан «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев өңірлік саясат мемлекет басшысының жолдауларында басты орындардың бірін алатынын айтты.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында алдыңғы екі бастамаға негізделген идеяларды жалғастыра отырып, өңірлік саясат мәселелерінің проблемалық спектрін толықтырады және кеңейтеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларының жиынтығы бойынша осы стратегиялық құжатта Өңірлік даму бағдарламасының нақты тетіктері қарастырылған, — деді Асылбек Есенбаев.

 

Асылбек Есенбаевтың айтуынша, сонымен бірге бюджет шығындарына басымдық беру өте дұрыс және маңызды мәселе. Қазір өңірлердің бюджеттерін қалыптастыру кезінде жұртшылықты тарту, сондай-ақ шығындарды бақылау қажет екені анық. «Бюджетке қатысу» түрлі өңірлерде сәтті сынақтан өтті, бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы пәрменді қадамдардың бірі.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында азаматтарды мемлекеттік басқару процестеріне белсенді тарту мақсатында әкімдерді тікелей сайлауды енгізу жөніндегі шаралар айқындалған.

Биыл ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізілді. Бұл саяси реформаға жасалған үлкен қадам. Екінші қадам аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігі болмақ. Бұл шаралардың барлығы азаматтардың мүдделерін сапалы жүзеге асыруға бағытталған, — деді қоғам қайраткері, Шоқан Уәлихановтың атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ғалым Байтұқ.

Е.А. Бөкетова атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасы меңгерушісі міндетін атқарушы Елдос Жұмағұлов 2024 жылы өтетін аудан әкімдерін сайлау еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға болатынын атап өтті.

Сайлау институтын дамыту азаматтардың мемлекет істеріне қатысу құқықтарын іске асырудың маңызды тәсілі болып табылады. Мәселен, Қарағанды облысындағы ауыл әкімдерін сайлауға электораттың 75%-і қатысты, оның ішінде «Ауыл», «Ақжол», «Адал» сияқты партиялардың өкілдері жеңіске жетті. Бұл прогрессивті саяси өзгерістер деп айтуға болады, — деді Елдос Жұмағұлов.

Сонымен бірге мемлекет басшысы жолдауында «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс» деп атап өтті. Бұл ең алдымен жергілікті билікке қатысты. Ел президенті әкімдіктерге азаматтармен өзара іс-қимыл жасау және олардың проблемаларын жедел шешу қажеттігін атап өтті. Осылайша, өңір басшылығы жергілікті экономиканы дамытуға, соның салдарынан тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуға тиіс.

Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұрлан Күнтуов өңірде азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Біздің өңірде бұдан әрі азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 74,4 жасқа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бүгінде облыста медициналық қамтамасыз ету деңгейі 88%-ті құрайды. Мемлекет басшысының жолдауында айтылған 1 000 мектеп салу туралы бастамаға қатысты өңірде бүгінде 23 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, — деді Нұрлан Күнтуов.

Отырыс барысында Қарағанды облысының «Рухани жаңғыру» РӨБ басшысы Айтбай Жұмағұлов, сарапшылар Ерлан Медеубаев, Дина Айкенова және т. б. сөз сөйледі.

SARAP клубының отырысында сарапшылар Қазақстанның өңірлік саясатын жетілдіру барлық өңірдің үдемелі және теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталғанын атап өтті. Бұл ретте Өңірлерді дамытудың негізгі аспектісі тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру болып табылады.