Басты бетҚоғамМаңғыстау облысында...

Маңғыстау облысында қуаңшылықтан қанша мал қырылғаны анықталды

Бұл туралы Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді.

Биыл Маңғыстау облысында қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін үкімет резервінен 1,9 миллиард теңге бөлінді. Қайтарымсыз қаражат төрт түліктің аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығынды ішінара өтеуге беріліп отыр. Қазіргі таңда бөлінген қаражаттың 57% игерілді яғни, 5 900 жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 745 миллион теңге және 575 шаруа қожалығына 395 млн. теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді,- деді Серік Қалдығұл.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етіп, мал азығы тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.

1. Жергілікті бюджеттен 150 миллион теңге бөлініп, «Каспий» ӘКК акционерлік қоғамы арқылы аталған қайтарымды қаржыға 15 шілдеден бері әр қала, аудандардан тағайындалған операторлар қажеттілікке қарай шөп тасымалдап жатыр.

Бүгінге дейін 1 350 тонна шөп сатып алынды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады.

2. Жергілікті бюджеттен 54 миллион теңге бөлініп, қайтарымды қаражатқа аудандардан тағайындалған операторлар Қостанай облысынан 950 тонна арпа жеткізді.

Қазіргі таңда арпа түгел сатылып, айналымдағы қаржыға қосымша 1 мың тонна мал азығын сатып алу жұмыстары жүріп жатыр.

3. Сонымен бірге 107 миллион теңгеге 15 вагон 3-4 сортты бидай (бидай қалдығы) сатып алынды, жақын күндері өңірге жеткізіледі.

Жалпы жыл басынан бері облысқа 41 500 тонна шөп тасымалданды. Соның 3 500 тоннасы өзге өңірлерден көмек ретінде жеткізіліп, қуаңшылықтан зардап шеккен мал иелеріне тегін үлестірілді.

Ал, өңірге тасымалданған жем көлемі 24 мың тоннаны құрады.

Спикерлер ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркелмеген малға мемлекет тарапынан субсидия немесе қолдау көрсетілмейтінін айтты.

Қазір өңірде 636 824 бас мал тіркелген. Оның ішінде өлгені — 1 163 (жалпы санының 0,18%).

Өлген малдың 194-і ғана ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркелген.

Төтенше жағдайлар департаменті ауа ылғалдылығына тексеру жүргізді.

Нәтижесі төтенше жағдай жариялау шарттарына сәйкес келген жоқ. Сондай-ақ, жануарлар арасында улану мен жұқпалы ауруға шалдығу дерегі тіркелмеді және өсімдіктер зиянкестерден зақымданбаған, яғни төтенше жағдай жариялауға заңды негіз жоқ.

Сонымен бірге өңірде қысқы мал азығының қорын дайындау қызу жүріп жатыр. 2021 — 2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 миллиард теңге қаржы бөлінді (1,9 миллиард теңге – шөп, 3,4 миллиард теңге – жем).

Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарланған. Қазір аталған қаржының 600 млн теңгесіне мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып, өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмысы басталып кетті,- деді Серік Қалдығұл.

Бұдан бөлек Атырау мен Ақтөбе облыстарының шабындық жерлерінен шөп шабуға 5 шаруа қожалығы аттанды. Олар өздеріне қор жинап, артығын өзге мал иелеріне сатады.

Сонымен бірге бүгінде жергілікті шабындықта 14 бригада шөп шауып жатыр. Олар жыл аяғына дейін 15 мың тонна шөп дайындамақ.