Жамбыл облысындағы жарылыс: қираған үйлер 10 қарашаға дейін жөнделеді

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарына қарағанда, өңір әкімі президентке 122 жылжымайтын мүліктің, соның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысанның қирағаны жөнінде баяндады.

Қазіргі уақытта 12 мекеме, 23 техника мен 185 жұмысшы қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.

Жамбыл облысы әкімінің айтуынша, бүгінге дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жалпы қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жібек жолы ауылындағы қираған №5 орта мектептің орнына жаңа мектеп салынады.

Бердібек Сапарбаевтың мәліметі бойынша 26 адам стационарда ем алып жатыр. Олардың 15-і — госпитальде емделіп жатқан әскери, полиция және Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері.

Жарылыстан қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек беріліп жатыр, сонымен бірге зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. Екінші деңгейлі банктерге қарызы бар мұндай отбасылардың кредиттерін өтеу мәселесі толық шешілген, — делінген Берік Уәлидің жазбасында.

Еске салайық, 26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, салдарынан 16 адам қаза тапты. Қазақстан халқы 29 тамызда Жамбылдағы жарылыстан қаза тапқандарды аза тұтты.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Шадиұлы жарылыс салдарынан қайтыс болғандардың отбасына 15 миллион теңгеден берілетінін хабарланды.

31 шілде күні қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Бұл қызметке Мұрат Бектанов тағайындалды.