Күнсұлу Закарья: QazVac вакцинасына Швейцария қызығушылық танытты

QazVac авторы Күнсұлу Закарья қазақстандық вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу әлі де біраз уақытты, тынымсыз еңбекті қажет ететінін айтты.

Ақпарат кеңістігіне QazVac-тың COVID-19 вирусының дельта-штамына қарсы нұсқасы жасалғаны туралы ақпаратпен бірге Жамбыл облысындағы зауытқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан өкілдер келе жатқаны туралы мәлімет қатар тарады. Ғылыми-зерттеу институының бас директоры бұл екі мәселенің бір-бірімен еш байланысы жоқ екенін атап өтті.

Рас, қазір бүкіл дүниежүзі вирустың дельта-штамынан тиімді вакцина жасау мәселесіне бас қатырып жатыр. «Спутник V»-дің дельта-штамға модификациясы шығарылды. АҚШ та дельта-штамымен жұмыс істеп жатыр. Олардікі де, біздікі де әзірге зерттеу деңгейінде. Денсаулық сақтау министрлігінен әлі рұқсат алған жоқпыз. Олар қарап жатыр. Жақын уақытта рұқсат береміз деген. Соны күтіп отырмыз, — дейді ғалым.

Оның айтуына қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан Жамбыл облысына келе жатқан өкілдер QazVac екпесін шығаратын зауыттың жұмысымен танысып қана қайтады.

Олар GMP сертификаты бойынша келеді. Қазақшалап айтсақ, өндірістік практиканың қаншалықты осы стандартқа сай екенін өз көздерімен көрмекші. Біздің вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркелу үшін ең бірінші халықаралық сертификат алу керек. Халықаралық сертификатты алмасақ, біздің құжаттарды қарастырмайды. Олар біздегі зауытпен танысуға келе жатыр. Әзірге зауыт салғанымызды сөзбен естіп қана жүр ғой. Бұл жерде ештеңе шешілмейді. Жай ғана қонақ ретінде келе жатыр деп түсіну керек. Зауыттың жұмысымен танысып, бақылайды. Содан кейін ғана тіркеу туралы нақты жоспар әзірленеді, — дейді Күнсұлу Закарья.

Ол сонымен бірге QazVac-тың Швейцарияда тіркелу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.

Швейцарияда тіркелу мәселесіне келсек, өздері біздің Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктеріне шығып хабарласқан болатын. Сондықтан қазір солармен жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені өздері қызығушылық танытты. Кім байланысқа шықса, солармен жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, қасымызда бауырлас елдер бар. Қырғзыстаннан басқалары ешқандай ұсныспен шыққан жоқ. Ал алыстағы Швейцария өздері шығып, «көмектесейік, тіркеуден өтсеңіздер Африка, Латын Америкасына шығаруға болады» дегендей мәселелерді айтып, байланысты, — дейді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.