БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен, Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен (ҚР ДСМ ҚДСҰО), АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылық қолдауымен балалардың жоспарлы вакцинациясы туралы ресми ақпарат пен медициналық зерттеулердің нәтижелері жинақталған сайт әзірледі.
Бірнеше ай бойы MedSupport дәрігерлері мен ғалымдар тобы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп қажетті деректерді іріктеп, ата-аналар мен Қазақстандағы иммундау тақырыбына қызығушылық танытатын адамдар үшін EGU.KZ сайтының құрылымы, интерфейсі және контентін барынша қолайлы ету бойынша жұмыс істеді.
Ақпараттық ресурста Ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізілген әрбір вакцинаның толық сипаттамасы бар. Сайтқа кірген кез келген адам вакцина қорғайтын инфекциялармен танысып, қарсы көрсетілімдер мен ықтимал жанама әсерлер туралы оқи алады. Сайттың іске қосылуымен әрбір қазақстандық ата-ана аутизм және ҚПҚ (қызылша, паротит және қызамық) вакцинасы туралы мифтің қалай пайда болғаны, неліктен балалар екпелерінде сынап жоқ екендігі, сонымен бірге инъекция орнын сулауға болатыны әлде болмайтыны жайлы біле алады. Сонымен бірге вакцинация туралы мифтердің толық тізімі мен оларды әшкерелейтін сенімді ақпаратқа көз жеткізеді.
Вакцинация мәселелері көпшілік пен бұқаралық ақпарат құралдарын жиі алаңдатады. Egu.kz сайтының негізгі міндеті – вакциналар туралы толық және сенімді ақпарат беру және республикада вакцинациялау жұмыстарын ұйымдастыру. Бұл платформа вакцинация саласындағы тәжірибелі мамандар және ғалымдар мен халықтың арасындағы ашық және шынайы диалогына арналған, диалогтың арқасында әркім өз сұрақтарына кәсіби және ғылыми негізделген жауаптар ала алады, — деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова.
Сайт қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған нұсқа да бар.
Вакцинация – ата-аналар үшін балаларын жұқпалы аурулардың ауыр зардаптарынан қорғаудың жалғыз, ең тиімді және баламасы жоқ әдіс. Egu.kz сайтында сіз вакцинация туралы дұрыс, дәлелді және негізделген ақпаратты ала аласыз, — деді ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.
Ресми ресурста Вакцинация күнтізбесі, Вакцинация орталықтары, Вакциналар мен аурулар, мифтер, Сұрақтар мен жауаптар сияқты айдарлар бар. Egu.kz сайтында ата-аналар вакциналардың түрлері туралы ақпаратқа қол жеткізіп, олардың қауіпсіздігін тексерудің барлық кезеңі туралы біледі және оларды мазалайтын сұрақтарға жауап ала алады. Сайт сонымен бірге вакцинация тарихына қысқаша шолу жасайды және вакцинамен басқарылатын бірқатар жұқпалы ауруды жеңу жолындағы адамзаттың алғашқы қадамын сипаттайды. Алдағы уақытта ол балаларды жоспарлы вакцинациялау туралы өзекті статистикалық деректермен толықтырылады.
Вакциналарды ойлап шығару – медицинаның ең үлкен жетістігі. Өзіңізді және балаңызды денсаулыққа қайтымсыз зиян келтіретін, кейде өліммен аяқталатын қорқынышты аурулардан қорғаудың ең тиімді және кейде жалғыз жолы болып табылады. 21-ғасырда кейбір ата-ана балаларын вакцинациялаудың тиімділігі мен қажеттілігіне қатысты әлі де күмәндануда. Дұрыс және ақпараттандырылған таңдау жасауға көмектесу үшін ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірге бұрын Қазақстанда болмаған бірегей сайт әзірледі. Ұлттық вакцинация күнтізбесіне кіретін вакциналар туралы барлық ақпаратты табу оңай және жеңіл болатын алаң. Бұл сайт ата-аналар үшін өз баласын вакцинациялау туралы маңызды шешім қабылдауда пайдалы құрал болады деп сенемін, — деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.
Сайт тұрғылықты жерге ең жақын вакцинация орталығын табуға мүмкіндік беретін ыңғайлы картамен жабдықталған. Балаңызға жоспарлы егуді ұмытып кетпеу үшін ата-аналар электронды күнтізбеге вакцинаны уақытында қою қажеттілігі туралы ескерту функциясын қолдана алады.
Біз осы жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Egu.kz сайты қазақстандық сәбилердің қауіпсіз және салауатты балалық шағы үшін ата-аналардың таптырмас көмекшісі болады!, — деп түсіндірді Medsupport командасы.
Сайт ЮНИСЕФ Қазақстан мен Денсаулық сақтау министрлігінің иммундау жүйесін күшейту жөніндегі бірлескен бағдарламасы шеңберінде әзірленген.
Иммундау өмірді ғана құтқарып қоймайды, сондай-ақ балаларға, әйелдерге және отбасыларға өркендеуге мүмкіндік береді. Бұл маңызды веб-сайтта берілген ақпарат адамдарға вакцина арқылы алдын алатын аурулардың қаупінен қорғануға көмектеседі. Нәтижесінде балалар мектепте болып, ата-аналар өз отбасына қамқорлық жасап, қолдау көрсету арқылы өз қоғамдастығы мен елінің экономикалық өсуіне ықпал ете алады, — деді USAID/Орталық Азия миссиясы директорының міндетін атқарушы Питер Янг.