Республика бойынша 95 мыңнан астам түлек колледж грантын иеленді

Әлеуметтік осал топтардан шыққан 50 мыңнан астам бала колледждерде оқу үшін грант иеленді. Былтыр жеңілдіктер бойынша оқуға түскен талапкерлердің саны 16 мыңға артқан. Бұл квота санаттарының тізімін кеңейтудің нәтижесінде мүмкін болып отыр.

БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың колледждерге түсуі үшін квоталар енгізілді.

Бұл – жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, сонымен бірге ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар. Сонымен бірге квота бойынша мемлекеттік білім гранттарын ауыл жастары да иеленді, – деп атап өтті ол.

Департамент директоры, әсіресе, медициналық және шығармашылық мамандықтар сұранысқа ие болғанын айтты.