Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бапкерлері кімдер?

Еске сала кетейік, ақпарат көздерінде бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтың жұмыстан кеткені туралы ақпарат тарап, қызу пікірге ұласқан еді.

Белгілі болғандай, енді бокстан ұлттық құрамасының жаңа бапкерлері тағайындалды. Осылайша, ерлер құрамасын Қайрат Сәтжанов басқарса, ал әйелдер құрамасына Шамиль Сафиуллин келді.

Биыл Қайрат Сәтжановтың жаттықтырушылық өтіліне 31 жыл толып отыр.

2011 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында оның шәкірттері екі рет «Азия балалары» халықаралық ойындарының медальдық кестесін жеңіп алды. Екі рет әлем чемпионаттарының үздік үштігіне кіріп, Азия чемпионатында екі рет топ жарды.

Кейіннен Қайрат Сәтжанов Қазақстан жастар құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Екі жыл ішінде оның шәкірттері Азия чемпионатында екі рет командалық есепте жеңіске жетті және әлем чемпионатында екінші орынға ие болды.

Ал Шамиль Сафиуллин өз өтініші бойынша кеткен Ерік Алғабектің орнына келді. Жаңа бапкер 25 жылдан бері боксшыларды жаттықтырып жүр. Қазақстанда да, шетелде де жұмыс істеген. Ол әлем чемпионатының жеңімпаздарын, Азия чемпиондарын және ҚР біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпаздарын дайындады. 2018 жылдан бастап ол әйелдер арасындағы бокстан Қазақстанның ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істеді.