Оралда медицина қызметкерлері жалған вакциналау паспорттарын жасаған

Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі вакциналау туралы жалған паспорттарын жасау дерегі бойынша 13 өңірде 26 сотқа дейінгі тергеу ісі басталғанын және 86 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Бұл орайда жасанды вакциналау паспорттарын және ПТР-тестілеу нәтижелерін дайындау және тарату үшін оларды жасағандарға да, тапсырыс берушілерге де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Агенттіктің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті Оралдағы емханалардың бірінің қызметкерімен вакциналау паспорттарын қолдан жасаудың кезекті дерегін анықтады.

Мәліметтерге сүйенсек, медицина қызметкері ақшалай сыйақы үшін белгілі адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы Денсаулық сақтау министрлігінің «Вакцинация» электронды модулінде вакцина салдырғаны туралы белгілер журналына көрінеу жалған мәліметтер енгізген.

Осылайша, 15-тен астам адамға COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакциналаудың жалған электронды паспорттары берілді. Тапсырыс берушілердің негізгі бөлігі – бұл мектепке дейінгі ұйымдардың және сауда саласының қызметкерлері болып шықты.