АШМ: Ветеринария жүйесі түбегейлі реформаланады

Бұл туралы президенттің халыққа жолдауында айтылған міндеттерді орындау бойынша өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ветеринария жүйесі түбегейлі реформаланатын болады. Біріншіден, мемлекеттік монополия функцияларының бір бөлігін бәсекелі ортаға беру жоспарланып отыр. Бұл осы салаға жеке капиталдың келуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, ветеринариялық қызмет жұмысы цифрлық форматқа көшеді. Сол арқылы бір жағынан эпизоотиялық ахуалдың қадағалануы мен мал шаруашлығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Екінші жағынан цифрландыру ветеринар мамандарды қағазбастылықтан босатып, негізгі функцияларын орындауына мүмкіндік береді. Үшіншіден, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтердің арасында өкілеттіктер нақты бөлінетін болады, — деді ол.

Ведомство басшысы ветеринар мамандардың жалақысын көтеру мәселесін шешу жоспарланып отырғанын, бұл бастамаларды іске асыру үшін ветеринария саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар әзірленетінін айтты.

Үкімет отырысы
Видео скрині

Еске салайық, 1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа жолдауын жариялады. Онда президент Үкіметке елімізде мал шаруашылығын дамытып, ауыл азаматтарының әл-аухатын жақсарту үшін бірқатар тапсырма берді.

Айта кетейік, Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі болып кеше, 1 қыркүйек күні тағайындалды.