Отставкаға кеткен экс-министр президенттен және азаматтардан кешірім сұрады

Қазақстан президенті – Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кездесу өткізіп, жаңадан тағайындалған министр Мұрат Бектановты таныстырды.

Жиында отставкаға кеткен бұрынғы министр Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, президенттен, Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың ағайын-туысынан және зардап шеккендерден кешірім сұрады.

Аса құрметті президент мырза, сізге және Елбасыға маған артқан сенімдеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Бұл сенімді ақтауға бар күш-жігерімді салдым. Оқ-дәрілер сақтау, басқа да бағытта белгілі жұмыс атқарылды. Өкінішке қарай, кейбір ұзақ мерзімді мәселелерді шешуге үлгермей қалдым. Белгісіз себеппен осындай қайғылы оқиға болды. Сізден және зардап шеккен адамдардан, қайтыс болған әскери қызметшілердің жақын туыстарынан кешірім сұраймын, — деді Нұрлан Ермекбаев.

Еске салайық, бүгін, 31 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады.

2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери қоймада өрт шығып, кейін қойма жарылды. Салдарынан 15 адам қаза тапты.

Нұрлан Ермекбаев қорғаныс министрі болып 2018 жылдың 7 тамызында тағайындалған еді.