«Жыл басынан бері 90 бала жол апатынан қаза тапты». Полиция үндеу жасады

Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті болып қала береді. Өкінішке қарай республика жолдарында болатын әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы кәмелетке толмағандардың қатысуымен болып отыр. Жыл басынан бері осындай жол-көлік оқиғаларында 90 бала қаза тауып, 1 860-сы жарақат алды, — деді Жандос Мұратәлиев министрлікте өткен брифингіде.

Оның айтуынша, пандемия мен халықтың әлеуметтік оқшаулануында және мектеп оқушыларының көпшілігі қашықтан оқуға көшірілгенде жасөспірімдер арасындағы түсіндіру жұмыстары да төмендеген. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі оқу жылы қарсаңында 23 тамыздан бастап балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу мақсатында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық жедел-профилактикалық шарасын өткізеді.

Шара аясында білім беру мекемелері аумағындағы көше-жол тораптарының жұмыс күйін және жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдары зерттелуде. Жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге жолға жақын орналасқан білім беру мекемелерінің аумағына 4 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін уәкілетті мекемелерге 2 мыңға жуық нұсқама берілді, — деді Жандос Мұратәлиев.

Сонымен бірге білім беру мекемелері жанында 2 мыңға жуық жол белгілері ауыстырылып, қайта орнатылды, мыңға жуық жаяу жүргіншілер өткелдері жабдықталды, 20 мың метр жаяу жүргіншілер жолдары салынды, 26 мың метр жолдар жасанды жарықтандырумен жабдықталды.

1 қыркүйектен бастап, білім беру мекемелерінің жанында полиция жасақтарының тығыздығы артады. Жаңа оқу жылының басталуымен еліміздің жолдарында балалар саны артады. Осы орайда жол жүрісіне қатысушыларды барлық қағидаларды қатаң сақтауға және жолда қырағылықты жоғалтпауға шақырамыз, — деді ол.