Криштиану Роналду «Манчестер Юнайтедке» ауысты

Роналду Англияға виза алып, медициналық тексерістен өткен соң келісімшартқа отырады деп жоспарланып отыр. Британия БАҚ мәліметінше, «Манчестер Юнайтед» 36 жастағы футболшы үшін «Ювентуске» 25 миллион еуро ұсынған. Роналду ағылшын командасымен екі жылға келісімшартқа қол қояды.

Бұған дейін Роналдуға «Манчестер Сити» мен «Пари Сен-Жермен» қызығушылық танытқан еді. Алайда қос команданың ұсынысы нақты болмаған соң «Манчестер Юнайтед» футболшыны қатарына шақырды. Роналду ағылшын командасының сапында 2003-2009 жылдар аралығында ойнаған.

Еске салайық, Роналду 2018 жылдан бері туриндік «Ювентус» сапында өнер көрсетеді. 36 жастағы португалдық форвард 29 гол соғып өткен маусымда Италия чемпионатының бомбардирі атанды. Роналдудың итальяндық клубпен қазіргі келісімшарты 2022 жылдың 30 маусымына дейін.

Криштиану Роналдудың «Манчестер Юнайтед» клубында қанша жалақы алатыны белгілі болды.

Журналист Джанлуки Ди Марционың хабарлауынша, португалиялық ойыншы «қызыл сойқандармен» екі жылдық келісімшарт жасасты, жалақысы жылына 29,2 миллион еуро болады.

Криштиану Роналду «Ювентустан» клубында 134 матчқа қатысып, 101 гол соқты және 22 нәтижелі пас берді.