Махаббат Есенбаева — Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының тұрғыны. Жарылыс кезінде отбасымен бірге үйде болған. Ә дегенде жанармай бекеті жарылды деп ойлаған екен. Кейін әскери бөлімше екенін білген. Бірнеше жарылыс пен өрттің күшейгенін көрген соң Махаббат отбасымен бірге ауылдан кетуге мәжбүр болған.
Сарыкемер әкімі ауылға қауіп жоқ екенін айтып, ер адамдардан басқа ауыл тұрғындарына, зардап шеккендерге көмектесуді сұрады. Кейбірі көмегін берді. бірақ уақыт өткен сайын жарылыс күшейе бастады. Ауыл тұрғындары қорқып, ауыл сыртына жаяу қаша жөнелді. Ұзын-сонар кептеліс. Біз де отбасымызбен Мырзатай деген ауылға қарай кетіп қалдық. Сарыкемердің барлық тұрғыны сонда болған сияқты. Көбі көліктің ішінде түнеп жатты, — дейді Махаббат.
Түнгі 1-2 шамасында қарай жарылыстың басылғанын естіген Махаббаттың отбасы ауылға қайтуды дұрыс санаған. Оның үстіне «ұрылар осы жағдайды пайдаланып, үйлерді тонап жүр» деген хабарды естіп тағы алаңдаған.
Қазір отбасым үйде. Интернетте түрлі ақпарат тарап жатыр. Қайсына сенерімізді білмейміз. Әзірше тыныш болған соң үйде болуды жөн санадық, — дейді Байзақ ауданының тұрғыны.
Махаббат аудан орталығындағы емханада жұмыс істейді. Қазір жұмыста зардап шеккендерге көмектесіп жүр.
Түнде жұмыс істеген әріптестерім адамның көп болғанын айтып жатыр. Жарақаттанғандардың ішінде ауыл тұрғындары да бар. Қазір де емдеп жатырмыз, бірақ көбін қаладағы емханаға алып кетті, — дейді Махаббат Есенбаева.
Әйгерім Таразда тұрады. Оның айтуынша, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстың Таразға атап айтарлық зияны тимеген. Десе де қала тұрғындары дүрбелеңге салыныпты. Жарылыс салдарынан жер сілкінісі сезілген.
Жағдайымыз жақсы. Естуімше, Тараздан 18 километр қашықта жарылған. Қысымы бізде де байқалды. Жер сілкінгендей болды. Жарылыстың салдарынан 18 километр қашықтықтағы үйдің есік-терезесі қозғалса, жақын маңда тұратын ауыл тұрғындарының жағдайын тіпті елестете алмаймын. Естуімше, ауыл адамдарына көмектесу үшін мектептерді дайындап жатыр екен, — дейді Әйгерім.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тағы бір Тараз тұрғыны Ерғали Әбуғали жағдайды ести сала, зардап шеккендерге көмектесуге асыққан. Ол басқа еріктілермен бірлесіп Байзақ ауданына қарасты ауылдардағы адамдарды эвуакациялапты. Ерғалидің сөзінше, ауыл тұрғындары қаладағы Жамбыл атындағы №5 мектепке жеткізілді.
Халықтың қорқып, уайымға салынғаны болмаса, жағдай қалыпты. Арыстағыдай ауыл тұрғындары зардап шекпеген. Тек әскери қызметкерлердің жарақат алып, қайтыс болғаны туралы ресми ақпарат жарияланды. Байзақ ауданына қарасты ауылдағы әйелдер мен балаларды Жамбыл атындағы №5 орта мектепке орналастырдық. Кабинеттегі парталарды жинап, төсек-орын салдық. Бірақ ер адамның көбі үйінде қалды, — дейді ерікті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ерғали ауылдан келген адамдармен тілдесіп, мән-жайды сұраған. Тұрғындар үй дірілдеп, терезе шайқалғанын айтыпты.
Халық оқиғаға нақты баға бере алмайды. Әрине, кез келген адам ең әуелі бас амандығын ойлайды. Табылған көлікпен, үстіндегі бір жапырақ көйлекпен қалаға қарай кетуге тырысқандар бар, — дейді Тараз тұрғыны.
Сонымен бірге ол балалардың қатты шошып қалғанын байқағанын айтады.
Далада асық ойнап жүрген балалар жарылыстан соң шошынып қалған. Орта жастағылары «Үйді тастап кеттік, папамыз қалды» деп айтып жатыр. Кейбірі оқиғаны ұмыту үшін бе, білмеймін, бізге жастық-көрпе тасып, көмектесіп жүр, — дейді Ерғали.
Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс болған әскери қоймаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Кейіннен Жамбыл облысындағы жарылыс болған қоймаға оқ-дәрілер Арыс қаласындағы әскери қоймадан жеткізілгені хабарланды.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз маңындағы әскери бөлімде өрт сөндіру барысында төрт әскери қызметкер қаза тапқанын хабарлады. Кейін тағы бір адамның қайтыс болғаны белгілі болды.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыстан зардап шеккен 28 адам ауруханаға жатқызылғанын, оның алтауының жағдайы ауыр екенін айтты.