Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі төтенше жағдай туралы онлайн баспасөз-конференциясында айтты.
Жарылыс болған жерге жақын орналасқан 3 елді-мекен бар. Оның ең жақыны Қайнар ауылы 1 шақырым, 2 елді-мекеннің қашықтығы 5 шақырымды құрайды. Осы 3 ауылда 718 адам тұрады. Кеше ол кісілердің барлығы біз дайындаған 10 мектеп 5 колледж жатақханасына орналасты. Болған жағдайды қалпына келтіру үшін мыңнан астам әскерилер, тиісті мемлекеттік орган өкілдері жұмыс істеп жатыр. 120-ға жуық техника тартылды және 30-дан астам жедел-жәрдем көліктері жұмыс істеп жатыр, — деді ол.
Өңір әкімінің айтуынша, оқиға орнында болған 88 адамға өз өтініштері бойынша қалалық және Байзақ ауданы ауруханасында медициналық көмек көрсетілген.
Нәтижесінде жеңіл жарақат алған 60-қа жуық адам үйлеріне қайтарылды. Тараз қалалық орталық ауруханасында 28 адам жатыр. Оның алтауының жағдайы орташа ауыр. Бірақ өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлердің көмегін алып жатыр. Эвакуация жасалған 220 адамның жағдайын таңертең барып білдік. Олар тамақ, киіммен және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етілген, — деді Бердібек Сапарбаев.
Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланғаны анықталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс болған әскери қоймаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Кейіннен Жамбыл облысындағы жарылыс болған қоймаға оқ-дәрілер Арыс қаласындағы әскери қоймадан жеткізілгені хабарланды.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз маңындағы әскери бөлімде өрт сөндіру барысында төрт әскери қызметкер қаза тапқанын хабарлады.