Қазақстандықтардың Ресейге кіру ережесі өзгерді

Бұл туралы Ресейдің сыртқы істер министрлігінің консул департаменті хабарлады.

Ресей Федерациясы үкіметінің 2020 жылдың 16 наурызындағы өкіміне толықтырулар енгізілді.

Өзгеріске сәйкес, Ресей азаматтарының отбасы мүшесі болып табылатын шетел азаматтары, Ресейге жақын туыстарына күтім жасауға баратын шетелдіктер немесе Ресейде тұруға рұқсаты бар шетелдіктерге өзімен бірге жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларын кіргізуге мүмкіндік беріледі.

Ерлі-зайыпты, ата-аналар, балалар, аға-інісі мен әпке-сіңлісі, атасы, әжесі, немересі, асырап алушылары, асырап алынғандар отбасы мүшесі саналады.

Сондай-ақ жақын туысының қайтыс болуына байланысты Ресейге келетін шетелдіктерге жұбайы мен кәмелетке толмаған баласымен бірге кіруге рұқсат етіледі.

Мысалы, егер Ресей азаматының Ресейге келгісі келетін шетелдік ағасы болса, ол енді отбасымен бірге бара алады.

Сонымен қатар үкіметтің 2020 жылдың 17 наурызында өкіміне толықтырулар енгізілді. Енді Ресей Федерациясынан Ресей азаматтарының жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларына, олармен бірге шет мемлекетке баруға рұқсат етіледі:

  • жақын туысының қайтыс болуына байланысты;
  • емделу мақсатында;
  • күтімге мұқтаж науқас жақын туыстарына;
  • отбасы мүшелері тұратын жеріне;
  • шет мемлекеттің аумағында еңбек етуге байланысты;
  • шетелдік білім беру ұйымдарында білім алу үшін.

Мысалы, енді ресейлік Қазақстанда тұратын әпкесіне баратын болса, жұбайы мен кәмелетке толмаған баласымен бірге шекарадан өте алады.