«Садақаны мазақ қылды». Имам Жанболат Мамайдың әрекетін сынады

Бұған дейін Бауыржан Байбектен сотта жеңілген Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай сот шығыны ретінде 800 мың теңгеден астам қаражатты өтеуге тиіс болды.

Ерлі-зайыптылар бұл ақшаны халықтан садақа ретінде жинайтындарын айтқан. Тіпті, әлеуметтік желіде ақша жинауды бастап та кетті.

Ал Алматының бұрынғы бас имамы Еркінбек Шоқай Мамайдың бұл әрекетін мұсылмандыққа қайшы деді.

Белсендінің сот шығындары бойынша өз мойнындағы қарызын өтеуге садақа жинаймын деп жариялауы сарказмға саятын әрекет екені көрініп ақ тұр. Діни тұрғыдан қасиетті ұғымдарды келекеге ұшырату — ұлтымыздың ешбір құндылығына сай емес пиғыл. Еш адамгершілік және моральдық қисынға келмейтін әрекет. Қасиетті құлшылық амалы — садақаны саяси ойынға айналдырып, хайп жасауы, әрине, мұсылмандыққа жатпайды, — деді Еркінбек Шоқай.

Белсенді Жанболат Мамайдың жақтастары бүгін, 25 Алматыда Бауыржан Байбекке қарсы акция өткізбек болып, Nur Otan жақтастарының қарсылығына тап болды.

Райымбек пен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан «Мерей» сауда орталығы маңына Жанболат Мамайдың серігі Абзал Достияров пен тағы 3-4 белсенді жиналған. Оларды қарсы тарап «Мамай қарабет» деген ұранмен күтіп алды. Акция өткізе алмаған демпартиялықтар оқиға орнынан кетуге мәжбүр болды.

Бүгінгі өтпей қалған акцияға Жанболат Мамайдың өзі қатысқан жоқ. Десе де, шараға куә болғандар оның осы маңға келіп, оқиғаны көлік ішінде отырып бақылағанын айтты.