«Славян базарының» жеңімпазына жаңа көлік тарту етілді

Кездесу барысында өңір басшысы Рухия бойындағы талант пен еңбекқорлығының арқасында Қазақстанды халықаралық аренада танытқанын айтты.

Айта кетерлігі, Талдықорған қаласының меценаттары мен кәсіпкерлері оған «Hyundai» маркалы автокөлік сыйға тартты. Сонымен бірге Рухияның ұстазы Серікжамал Әжібекова мен қолдаушысы Қымбат Досжанға 1 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Талдықорғандықтар талантты жастың өнеріне деген сүйіспеншілігін осылайша білдірді. Қала тұрғындары кәсіпкерлер мен меценаттар атынан Ақшабай Керімбеков сөз алып, тілегін білдірді.

Барлық талдықорғандық сенімен мақтанады. Сенің талантың әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл жерде ұстаздарыңның да еңбегін атап өткен жөн. Енді сені барлығы таниды. Бұл жеңістеріңнің бастамасы ғана деп білеміз. Алда бұдан да биік шыңдарды бағындыратыныңа сенеміз, − деді талдықорғандықтар.