Ағашты заңсыз кессеңіз, оны ғарыштан көруге болады

Ғарыштан түсіру арқылы жердегі ағаштың заңсыз кесілгені туралы да ақпарат алуға болады екен. Мәселен, Қостанай облысы ормандарындағы инженерлер сапары кезінде аймақтық инспектор мен аудандық прокурорлар ғарыштан түсірген материал мен жердегі ақпаратты салыстырып көрген.

Ормандардың жай-күйіне ғарыштан мониторинг жүргізудің арқасында облыс инспекторлары осымен төртінші жыл қатарынан ағашы кесілген жерлер туралы ақпарат алып отыр. Оның ішінде ағашты заңсыз кесу де, жоспарланған кесу де кіреді. Нәтижесінде 9 ағаш заңсыз кесілгені, 62 ағаш сынғаны анықталыпты.

«Ғарыш сапары» компаниясы полигонда қандай қоқыс жиі кездесетінін көре алады

«Ғарыш сапары» компаниясы ғарыштан түсірілім жүргізу арқылы қоқыс полигондарын және заңсыз қоқыс үйінділерін анықтай алады. Мамандар экология жағына назар аударып, табиғат заңы бойынша өмір сүруді ұсынып отыр. Бір жағынан қоқыс полигондарын ғарыш суреттері арқылы анықтау — ауқымды жұмыс. Әуелі компания мамандары өзі қызыққан жерді зерттеу үшін Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі департаментінен рұқсат алады. Департамент фотоға түсіруге және оны өңдеуге рұқсат берсе, мамандар іске кіріседі. Одан кейін Қорғаныс министрлігі дайын суретті бақылайды. Дайын суреттер компанияның Экология және жер қойнауын пайдалану мониторингі бөліміне беріледі. Бұл бөлімнің мамандары материалды зерттеп, нақты пікір, ақпарат қалдырады. Әрі қарай жергілікті атқарушы органдар заңсыз қоқыс үйінділерін жоюмен айналысады.

Қазақстанда қай жерде қандай қоқыс үйіндісі бар екенін кез келген адам көре алады. Ол үшін «Ғарыш сапары» компаниясы құрған Waste view және Waste edit мобайл қолданбасын жүктеуге болады. Сонымен қатар рұқсат етілмеген қоқыс орындарын көргіңіз келсе, Wasteopen.gharysh.kz сайтына кіре аласыз.

2020 жылы республика бойынша рұқсат етілмеген 8884 қалдық объектісін анықтадық. Үйінділердің 40%-і Ақмола, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында. Деректерге сүйенсек, осы аймақтар экология жағынан ең проблемалы болып есептеледі. Ал қоқыс үйінділерінің арасында түрлі аурулардың тасымалдаушысы ретінде қауіпті саналатын жануарлардың етін кездестіреміз. Сонымен бірге аккумулятор батареялары мен электрон қалдықтар топырақ пен жер асты суына айтарлықтай зиян келтіреді. Оның үстіне қоқыс орындары жиі жанады. Ал жанған пластик пен батареялар ағзаны улайтын зиян газ шығарады, — дейді компанияның Экология және қауіпсіздік мониторингі басқармасының қызметкері Жасыбай Шаймерденов.

Ғарыш мониторингінің көмегімен мамандар қай жерде қоқыс жиі жиналып қалатынын біліп отыр. Компания мамандары зерттеу жүргізіп, оны тиісті орындарға бермесе, әрі қарай жұмыстың дәлдігі жоғалады, іс насырға шаба береді.

Тапсырыс беруші заңды шаралар қабылдауы үшін біз ұсынатын деректер барынша дәл болуы қажет. Бұл зерттеулер мемлекетке ғана емес, қоғамға да пайда әкеледі деп ойлаймын. Себебі тапсырыс беруші сенім артады, тиісінше жаңа өтініштер түседі, — дейді Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі департаменті суреттерді өңдеу басқармасының жетекші инженері Жандос Досымжанов.

Фото: Gharysh.kz

Қостанайдағы өрт қанша аумақты алып жатқанын мамандар ғарыштан зерттеу арқылы анықтаған

Қостанай облысындағы Амангелді ауданында дала өртенген еді. 1 тамыздан бергі өрттің себебі анықталған жоқ. Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, өрт жалынын 30 градустан жоғары температурадағы аптап ыстық тудыруы мүмкін.

Ал «Ғарыш сапары» компаниясының қызметкерлері өрттің жалпы аумағы 17 053,26 гектар екенін анықтады. Өрт Амангелді ауданы мен Арқалық қаласының шекарасы Күлік елді мекен маңында жер серігімен түсірілген.

Сонымен қатар компания мамандары аптап ыстықтан өртеніп, сосын өзі сөнген жерлерді де анықтай алады. Оған қоса көктем, жаз мезгілдерінде қай аймақта қандай деңгейде өрт болуы мүмкін екені де алдын ала болжанады.

Ғарыштан егіс алқабын да бақылауға болады

Дәнді дақылдардың агротехнологиясында егудің ғылыми негізделген мерзімін қатаң сақтау керек. Мұндай тәсіл жақсы әрі мол өнім алуға ықпал етеді. Ал егіс алқабын ғарыштан бақылау, фотоларды зерттеу бизнесті тиімді жоспарлау және басқару үшін қажет. Мысалы, егін егу уақытында жиі жауын-шашын болып, ауа-райы күрт өзгерсе, ғарыштық фотоларда бұлт көп болады. Мұндайда анық суреттер шығуы үшін мамандар басқа да аппараттарды қолданады. 14 маусымдағы дерек бойынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы — 18 714 мың гектар.

«Ғарыш сапары» мамандары кей аймақтағы қуаңшылық ауа-райының қолайсыздығынан болғанын растап отыр

Күз бен қыста жауын-шашынның аз түсуі біраз өңірде шөптің қалыңдығына зиянын тигізді. Бүгінде еліміздің кей өңірінде жайылымның өнімділігі 30-40%-ке дейін төмендегені байқалады. Мамандардың пікірінше, ауа температурасының тым жоғары болуы, топырақ пен атмосферадағы құрғақшылық, топырақтың эрозияға төзімділігі өсімдіктер дүниесінің нашарлауына ықпал етті.