Қасым-Жомарт Тоқаев Ангела Меркельге көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы “Бернд” циклонынан туындаған толассыз жаңбыр мен су тасқыны салдарынан көп адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандық және жеке өзімнің атымнан Сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл Германия халқына қайғыра көңіл айтамын. Табиғи апат кезінде жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуіне, ал із-түзсіз жоғалғандардың отбасыларына аман-есен оралуына тілектестік білдіремін, — делінген жеделхатта.

Еске салайық, Германияның Арвейлер аймағында үздіксіз жауған нөсер мен су тасқынының салдарынан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам іс-түссіз жоғалып кетті. 18 шілде таңертең Кобленц полициясы Рейнланд-Пфальц федералды жерінде қайтыс болғандар саны 156-ға жеткенін хабарлады.