Қазақстанның бұрынғы бас мүфтиі қайтыс болды

Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым, Әбсаттар қажы Дербісәлінің өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бұл — бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын халыққа дұрыс жеткізу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Еліміздің бас мүфтиі лауазымында жүрген уақытта қажы ағамызбен қызмет барысында жолығысып тұрдық. Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді. Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері — ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады. Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын, — деп жазды министр.

Әбсаттар Бағысбайұлы 1947 жылы 15 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған.

1969 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген.

1970-1975 жылдары Мәскеу шығыстану институтында аспирантураны тәмамдаған.

1975-1976 жылдары Марокко Корольдігі, 1985-1986 жылдары Тунис Араб Республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша білігін арттырған.

1976-1977 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, 1977 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі болды.

2000-2013 жылдар аралығында Қазақстанның бас мүфтиі қызметін атқарды.