– Jasyl jurek жобасын қолға алуға не түрткі болды?

– Бір күні әпкем Саида киттің өлімі туралы видеоны жылап отырып айтып берді. Видеода киттің өлі денесі жағажайдан табылғаны көрсетіледі. Адамдар оның ішінен көп мөлшерде пластик табады. Кит пластикті қорыта алмай, өліп кеткен. Осы оқиғадан соң біз пластикті қайта өңдеп, одан бірнәрсе жасап көруге бел будық. Ұнамаса, тоқтата тұрамыз деп ойладық.

Басында бірнеше конкурсқа жобамызды ұсынып көрдік. Ешқандай байқаудан қолдау, арнайы грант болмады. Тек бір рет оқу орнымнан 100 мың теңге ұтып алдым. Ол қаражатты осы жобаға салдық.

Дина Ыбышева
Дина Ыбышева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алғашында полиэтилен пакеттен сөмкелер жасап, оны сата бастадық. Бір күні өте көп пакетті біріктіргенде ол тығыз әрі қатты материалға айналатынын байқадық. Содан сөмкеден басқа да бұйым жасауға көштік. Осылай сырға жасап шығардық және әшекей жасау біздің ең басты ісімізге айналып кетті. Полиэтиленнен сырға жасау Қазақстанға, тіпті көрші елдерге келмегенін білдім. Шетелден пластиктен бұйым жасауды көрдік, технологиясын алдық. Бірақ елде оны алғаш болып біз бастадық деп сенімді айта аламын.

Бір рет суретші қыз өз суреттеріне 10 жақтау жасауымызды сұрады. Осы тапсырысты орындау үшін қаланы шарлап, пакет іздеп кеттік. Жақтауға материал көп керек. Тіпті үйде жиналып қалған пакеттер болса да, ол жетпеді. Бір жақтауға шамамен 1500 полиэтилен пакет кетті.

– Матаны өңдеудің маңызы қанша? Киім қалдығының зияны бар ма?

– Матадан қайта бұйым жасауды карантинде қолға алдық. Пластик проблемасы жиі айтылады. Себебі ол тым көп және дүниежүзі оны қайда құртарын білмейді. Ал сән индустриясы, киім өндірісі айналаны ластау бойынша дүниежүзінде мұнайдан кейінгі екінші орынды алады. Киім өндірісінің қалдығы туралы көп айтылмауы мүмкін. Себебі дүниежүзінде бұл мәселеге қатты тоқталып, реттеп жатқан ешкім жоқ. Бір жағынан сән индустриясында өте үлкен компаниялар тұр. Сол компанияны басқаратындар қоршаған ортаның тазалығы, ысырап туралы ойлай бермеуі, білмеуі мүмкін. Мәселе матаның зиян болуында емес, оның тым көп мөлшерде өндірілуінде.

Қазір мемлекет пластик пен матаны өңдеуді қолға алмаса да, мұнымен біз, жеке адамдар айналысып жүрміз. Бірақ біздің үлес теңіздің тамшысындай ғана. Мемлекет пластикті, матаны сұрыптамайынша, мұнымен билік айналыспайынша, айтарлықтай пайда болмауы мүмкін. Ол болмаса, ірі компаниялар Jasyl jurek сияқты ерікті бастамаларды қолдамайынша, мәселе шешімін таппайды. Экобелсенділер айтады, мәселені қозғайды. Бұл – қазіргі азаматтық белсенділікке ұқсас проблема.

Дина Ыбышева
Дина Ыбышева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

– Сонда сіздер жарамай қалған киімнің матасын екінші, жаңа киімге пайдаланасыздар ма? Бұл қаншалық өтімді? Мұндай киімді сатып алатын адам көп пе?

– Матаның қалдықтарынан сөмке және басқа киімдер тігеміз. Саида бала күнінен тігінмен айналысатын. Оның осы қызығушылығы қазір бізге көмектесіп жатыр. Бізге жап-жаңа тек бір жерін бүлдіріп алған киімін алып келетін клиент көп. Олар “Мына киімді күйдіріп немесе жыртып алдым, не істесем болады?” деп келеді.

Негізінде сұраныс болмаса, бұл жоба дәл бұлай жүзеге асар ма еді, білмеймін. Әлеуметтік желіге салған әр жаңа бұйымымыз көп ұзамай сатылып кетеді, арнайы тапсырыс беретіндер бар. Тіпті жасаған әшекейді желіге жариялап та үлгермейміз. Басында достарымыз, бізді танитын адамдар қолдаса, қазір өз еркімен осындай бұйымдарды іздейтін клиенттеріміз бар. Себебі бұл нәрсеге адамдар қызығады, сатып алады немесе өз киімін қайтадан басқа бұйымға айналдырады. Мұның бәрі қуантады.

– Қазақстанда жарамай қалған киімнен қайта бұйым жасау туралы ести бермейміз. Матаны қайта пайдаланудың маңызы неде?

– Маусым, ауа райы өзгеруіне байланысты адамдар үнемі киім сатып алады, жаңартады. Оның үстіне маркетинг жолы бар. Киімнің бағасы қолжетімді, дүкендер науқан ұйымдастырады, жеңілдіктер тағы бар. Осы нәрсенің бәрі адамды киімді өте қажет болмаса да, сатып алуға итермелейді. “Мегадан киінсең, онда сен күштісің” деген түсінік те бар. Бірақ бір сәт мұндайға ермей, ойлансақ, артық киімнің, артық қоқыстың керегі шамалы екенін түсінуге болады. Адам әр ісіне жауапты. Демек дүкеннен сатып алған тауарға, оның қолданылуына, жерде жатпауына да өзіміз жауаптымыз.

Дина Ыбышева
Дина Ыбышева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір айналамызда қаражатымызды жұмсайтын дүние көп. Дүкенді аралап жүреміз де, бір кофтаны ол бізге аса қажет болмаса да, сатып аламыз. Компания үшін ең басты мақсат – клиентке тауарды өткізу. Әрі қарай не болатыны ешкімді алаңдатпайды.

Ал бұрынғы тұрмысты еске алсақ, ата-аналарымыз киімді ұқыпты ұстап, жыртпай киді. Себебі өзінен кейін інісі, сіңлісі сол киімді киетін. Ол кезде жылда гардеробты жаңартуға, жаңа етік алуға жағдай да бола бермеді. Сонымен бірге қазақта “ысырап”, “обал” деген қастерлі ұғымдар бар еді. Тіпті киімді беретін ешкім болмаса да, оны тастамайтын, ысырап болмасын дейтін. Ал капитализм материал дүниелерге көбірек жол ашты. Адамдар арасында “Әркімде түрлі киім болуы керек”, “Жылда жаңасын кию керек”, “Әдемі, қымбат киім алу керек” деген ұғым қалыптасты.

Сұхбат
Сұхбат. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жалпы пластиктің көшеде шашылып жатуы, киімді орынсыз сатып ала беру, ескісін қоқысқа лақтыру қазақтың мәдениетіне де жат тірлік дер едім. Себебі біз – баяғыдан ысырапқа жол бермей, балаға “обал” деген нәрсені үйретіп, өмір сүріп келе жатқан халықпыз. Бұрын бір адамда бір ғана шапан, бір етік болды десем, қателеспеймін. Бір кездері қолданатын дүниелер де минимум болды. Қазір ысырапқа оңай жол береміз. Ал ысырап отбасыдағы тәрбиеде айтылатын нәрсе. Бала кезімде А4 парақты қоқысқа тастаған едім. Соны анам көріп, “Әлі жазуға болатын жері бар” деп қайта алып бергені есімде. Тіпті қағазды да жазбай-cызбай тастамау үйде үйретілуі керек.

– Қажетсіз киімді қайда беруге болады? Киім алуды қалай азайтуға немесе тоқтатуға болады?

– Қазіргі заманда кез келген бұйымды қоқысқа лақтырмай, бірнәрсеге жаратуға болады. Қажет емес киімді мұқтаж адамдарға үлестіруге мүмкіндік бар. Алматыда бұл үшін Teplo Almaty жобасының қара жәшіктері дайын тұр. Сонымен қатар жануарлар үйінде жылы болуы үшін үйшіктерге керек емес маталарды төсейді. Сондай орындарға қажет емес киімді немесе матадан жасалған бұйымды беруге болады.

Сұхбат
Сұхбат. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бір затты сатып алар кезде “Бұл нәрсе маған қажет пе?” деген сұрақты адам өзіне бірнеше рет қоюы керек. Мынадай кішігірім ереже ойластырдым. Өзімнің жаңа киім, бұйым сатып алмағаныма бес жылдай болды. Қатты қажет болғанда Second hand-ке барамын. Бірақ сол қажет затты сатып алмай тұрып, онсыз бір апта өмір сүріп көремін. Бір аптада ол нәрсе маған аса қажет болмаса, уақытты тағы созамын. Егер үш апта ол нәрсесіз өмір сүре алсам, оны сатып алмаймын. Егер бір зат шынымен қажет болса, үш апта ішінде байқалады.

“Осы бұйымды алмастыратын менде қандай зат бар?” немесе “Мұны сатып алмай, орнын немен алмастыруға болады?” – бірнәрсе сатып аларда қойылатын екінші сұрақ. Мысалы, тойға баруға киім керек. Өзіңізде болмаса, үйдегілерден, таныстарыңыздан уақытша алуға мүмкіндік бар. Киім тек бір кешке қажет болса, оны сатып алмай-ақ қоюға болады. Егер күнде киюге бір киім қажет болса, сату желілерінен қолданылғаны табылады. Ең басты мақсат – киім өндірісіне қаражат жұмсамау.

“Бұл киім мен үшін қымбат емес пе?”, “Сатып алсам, оны қаншалық бағалай аламын?” деген сұрақ та адамға көмектеседі. Қымбат киім алар кезде оны ұқыпты ұстап, кие алатыныңызға, бұйымның жай мата болып, бір бұрышта жатпайтынына сенімді болуыңыз керек.

Дина Ыбышева
Дина Ыбышева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мен жыл бойы бір көйлекті киіп жүрген қызды білемін. Ол бір бұйымның адамға ұзақ қызмет ете алатынын дәлелдеу мақсатында сондай тәжірибе жасап көрді. Ол шынымен бір көйлегін үстінен футболка және тағы бірнәрсе киіп, түрлендіріп, бір жыл бойы киіп шықты.

Біз қазір қанша нәрсе жасасақ та, мұның бәрі қоршаған орта үшін аз болады. Оның үстіне “Неге қоқыс жинап, тұрмыс қалдығын сұрыптап жүрсің?” деп айтатын адам көп. Оның ешқайсына мән бермей, өз ұстанымыңда қалу да – еңбек. Пластикті жинап, оны өткізген сайын өзіңді “Сен жарадың, әрқашан дұрыс істейсің” деп мақтап отыру керек. Шартты түрде билік экология мәселесін толық шешіп тастады делік. Солай болған күннің өзінде көп нәрсе біздің үнемі қайталайтын ісімізге тікелей байланысты.