Қазақ әйелдерінің бас киімдері өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді және жасалуының өзіндік ғұрыптық, салттық негізі бар.

Мәселен, қазақ әйелдерінің бас киімдері олардың жасы мен отбасыдағы жағдайына байланысты ерекшеленеді. Жаздыгүні қыздар түрлі-түсті жібек, барқыт, мақпалдан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тақыя (тебетей) кисе, қыс маусымында ауқаттылар камшат бөрік киген. Бойжеткендер мен қыздар зере, тақия, төбетай, қарқара бөріктерінің төбесіне үкі таққан, себебі қазақ наным-сенімінде үкі құсы киелі саналады. Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл, т.б. бір түсті шұға, барқыт, мауыты сияқты кездемелерден, өңді маталардан қабатталып сырылып тігіледі. Ал әйелдердің бас киімдері: бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, қарқара, сәукеле, тақия, шәлі (жібек, шілтер, оюлы түрі бар) қасаба, бүркеніш, шылауыш және т.б.

Тақия

©massaget.kz

Бұрынғы кезде тақияны қымбат матадан тіккен. Себебі — ерлер тақиясынан ерекшеленудің әдісінің бірі болған. Қыздардың тақиясы міндетті түрде үстіндегі қамзолға, бешпентке сәйкес келуге тиісті. Етегі, жоғары бөлігі алтын немесе күміс паршамен оюланып, сәнді жіптермен тақияға зер төгіледі. Қазақтың «үкідей үлбіреген», «тотыдай таранған» деп қыздарды әспеттеуі содан шыққан.

Қыздар кепеші

Қазақ қызы, ұлттық киім
©massaget.kz

Қабырғасы биік, төбесі дөңгелек, ою-өрнектермен, моншақ, асыл тастармен безендірілген сәнді бас киім.

Сораба

©el.kz

Бұл бас киімнің ерекшелігі — тақия тәріздес, артында салпыншағы бар. Қыздар тіл-көзден аман болсын деп оларға ырымдап кигізеді.

 

Бөрік

©kazpravda.kz

Аң терісінен тігіледі, жиегіне жұрын жүргізіледі. Жұрындалған терісіне сәйкес бөріктің мынандай түрлері бар: алтай қызыл бөрік, қамқа бөрік, қазақы бөрік, қарқаралы бөрік, құлын бөрік, құндыз бөрік, құрайыш бөрік, құс бөрік, мари бөрік, нар өркеш бөрік, ноғай бөрік, оқалы бөрік, сәукеле бөрік, шеркеш бөрік, шоқты бөрік, шоппаш бөрік т.б.

Қарқара

©kopilkaurokov.ru

Биік төбелі, милығына айнала құндыз тұтады. Маңдай тұсын жоғарыдан төмен қарай үш-кілдеп жырға тігеді. Оған құтанға, тырнаға ұқсас сұңғақ, сымбатты құс – қарқараның қауырсыны қадалады. Бұл қыз баланы пәле-жаладан сақтап жүрсін деген ырым бойынша жасалады.

Кимешек

©kopilkaurokov.ru

Жас келіншектерден бастап егде әйелдерге дейін киетін дәстүрлі ұлттық баскиім. Ақ матадан, жібек матадан тігіп, әртүрлі әшекеймен безендіріледі. Қазақтың салт-дәтүріне сәйкес жас келіншек балалы болғаннан кейін кимешек киюге тиіс. Төменгі бөлігі – кимешек, жоғарғы бөлігіне жаулық оралады. Кимешек кеудені, иықты, жонды жауып тұрады, бет-әлпеті көрінетін жері ойық келеді.

Шылауыш немесе жаулық

©qasym.kz

Ақ түсті матадан немесе жібектен тігілген жаулықты егде әйелдер басына орап киеді. Жаулық әр руға байланысты әрқилы аталады. Шығыс Қазақстанда матаның көлеміне қарай оны шаршы деп, Жетісу, Алтай өңірінде шылауыш деп атап, аналарды
«ақ жаулықты аналар» деп ардақтайды.

Орамал

Әсел Әділ Adili ұлттық орамалдар
©SZH.kz

Ол пішіміне сәйкес шаршы, қиықша болып бөлінеді. Орамалды (парсы, араб, румал) жаулық деп те атаған. Арзанқол матадан да, қымбат матадан да жасайды.

Мысалы, жібектен шашақтап тоқылғаны – «бөртпе». Жібектен, матадан шашақталмай, қалыңдау келген түрі – салы. Торғын тектес, үлпілдек, жұмсақ матадан немесе ешкі түбітінен жа-салған түрі –шәлі. Түйе, ешкі түбітінен тоқылғаны – бөкебай.
Ақ матадан тігілгені – шаршы шыт.

Қасаба

©juldizdar.kz

Бұл — қыз тақиясының бір түрі. Үшкірлеу төбесіне бір шоқ қауырсын қадайды, маңдай тұсына түгелдей алтын, күміс әшекейлер тағады. Сұлбасы дөңгелек етіп тақияға ұқсастырып пішіледі. Айдыны зерлі жіптермен кестеленіп, қиылысқан жерін алтын жолақпен жауып, зерлі өшекеймен безендіреді. Құламасына шашақтар тағылады. Қасабыны көбінесе жас келіндерге арнайы тіккен. Қасабаның маңдай тұсына түрлі қымбат тастармен (перуза, ақық, лағыл, т.б.) тізілген дөңгелек табақшалармен бекітілген қыстырма ілінеді. Ал, самай тұсына туралап, ұзынырак күміс қоңыраушалармен ұшталған 5-6 тізбек салпыншақ қыстырылады.

Қыздар үйлену тойында қасабаны сәукеле орнына да киген. Күрең, көгілдір түсті жібек, ши барқыт, пүліш, дүрия, шұға, парша сияқты маталардан тігеді.

Сәукеле

Қыз Жібек қойылымы
©aikyn.kz

Бұл — қалыңдықтың ұзатылу тойында киетін сәнді баскиімі. Сәукеленің негізгі бөліктері — тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы. Оның төбесі қиық конус тәрізді болып келеді.  Сәукеленің төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Сәукелені өлшеп пішіп алып, ішіне астар, сырт жағына бидай шүберек ұстап жиі етіп сыриды. Одан соң оның сыртын қамқа, дүрия, торғын сияқты асыл матамен тыстайды. Сәукелені әшекейлеу үшін оның тысының сыртынан зер жіптен тоқылған оқаларды белдеулен басады. Оның етегін мақпалмен не қара барқытпен әдіптел көмкереді. Ал маңдай тұсына зер не жібек шашақтың шоңғарын тағады. шашақтың сәукелеге жалғасқан тұсын асыл тастан көз орнатқан алтын, күміс түйреуіштермен бекітеді. Сәукеленің ең сыртынан шашақты, әшекейлі жібек матамен төгілтіп жауып қояды. Ол көйлектің етегі сияқты жерге сүйретіліп жүреді. Сәукелеге ұзын құлақбау тағады. Оны шегі шырайналдыра зер не жібек жіппен шалып көмкеріледі, түбіне сәнді түйреуіш түйреледі.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.