Ерлер арасындағы аталмыш көпшілік жарыстың тартысты болғаны сондай, А.Полторанин атақты швейцариялық Дарио Колоньядан 0,01 секундқа қана озып, 35 минут 35,9 секунд көрсетті. Үшінші орынды иеленген итальяндық Франческо Да Фабиани жеңімпаздан 0,6 секундқа қалып қойды.
Бұл – А.Полтораниннің әлем кубогы кезеңдеріндегі тоғызыншы жеңісі және 22-інші жүлдесі. Оның үстіне А.Полтораниннің сүйікті қашықтығы болып есептелетін 15 километрден классикалық жарыста қазақстандық шаңғышыдан басқа ешкім екі реттен артық жеңіске жетіп көрген емес. Бұл – Алексейдің осы қашықтықтағы үшінші жеңісі.
Осы бесінші кезеңнен кейін А.Полторанин «Тур де Ски» жарысының жалпы есебінде алғашқы үштікке жақындады. Мұнда норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю 2 сағат 15 минут 16,6 секундпен көш бастаса, оның отандасы Петтер Нортуг (+47,2) екінші, ресейлік Сергей Устюгов (+1.09,4) үшінші, А.Полторанин төртінші (+1.31,5) орында келеді.
Еске сала кетейік, «Тур де Ски» жарысының Швейцарияның Ленцерхайде мекенінде өткен екінші және үшінші кезеңінде А.Полторанин бесінші және жетінші орынды иеленсе, Оберстдорфта классикалық спринтте қола жүлдені еншілеген болатын. Енді «Тур де Ски» жарысының алтыншы кезеңі 8 қаңтар күні Италияның Тоблах мекенінде өтеді. Онда шаңғышылар 10 шақырымға еркін стильмен жарысқа түспек. Ал көпкүндіктің жетінші және қорытынды сегізінші кезеңі Валь ди Фиемме (бұл да Италияда) мекенінде болмақ.