Құймақ, омлет, дымляма, ірімшік таяқшалары, курник… Осындай дәмді әрі ерекше тағамдарды Шадияр өзі дайындайды. Ал оның аспаздық өнерін Instagram-да 30 мың, TikTok желісінде 124 мың адам бақылайды. Балақайдың ас дайындап жатқан видеолары 5-6 миллионнан астам қаралым жинайды.
Шадияр туғанынан халық алдында. Дүние есігін ашуы, алғаш екпе алуы, тісінің шығуы — өміріндегі барлық ерекше сәтін инстаграмда бөлісіп отырдым. Әр жазбаның кіріспесін «Сәлем, достар, мен ғо Шадияр» деп бастауды жөн көрдім. Содан оқырманның көбі шынымен телефонның ар жағынан Шадиярдың өзі оқиғасын жазып отырғанына сеніп, қызығатын. Уақыт өте келе, Шадияр да, оқырман саны да өсті. Бірде ұлымнан «Менімен бірге тамақ жасағың келе ме?» деп сұрап едім, келісті. Сөйтіп алғаш құймақ жасап көрді. Қоспаларын рет-ретімен түсіндіріп, не істеу керек екенін үйреттім. Бірден қағып алды. Сол құймақтан кейін ас әзірлеуге деген қызығушылығы ашылды, — дейді Шадиярдың анасы Перизат.
Шадияр 2 жасынан бастап анасына асүйде көмектеседі. Тағам әзірлемес бұрын анасы екеуі ақылдасады. Бүгін не жегісі келетінін немесе не дайындайтынын айтады. Ас мәзірін таңдаған соң тоңазытқыштан қажет қоспаларды алып, өзі жуады, тұрайды, тіпті керек десеңіз қуырып пісіреді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тиктокта бір видеомыз үлкен резонанс тудырды. Онда Шадияр газды өзі жаққан болатын. Дәл сол кезде елдегі бір қалада 5 бала газға уланып, қайтыс болыпты. Адамдар «баланы газға жолатпаңдар», «анасы қайда қарап отыр?» деп жазады. Бірақ Шадияр толық бақылауымда. Мен жоқта қауіпті заттарға жоламайды. Оған да үнемі айтып, ескертіп отырамын. Асүйде өзін жалғыз қалдырмаймын, — дейді анасы.
Ас дайындау — баланың дамуына көмектесетін бірден-бір құрал. Бұған Шадияр дәлел бола алады. Ол тағамды әзірлеп қана қоймай, әрлегенде фантазиясын қосып, бар ниетімен жасайды екен.
Курник қамырын түю керек. Қалай істеу керек екенін көрсетіп жатсам, Шадияр басқаша істегісі келетінін айтты. Өзінше бір ерекше курник жасап шықты, — дейді Перизат Өтеген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ең мықты аспаздың өзі өмірінде әйтеуір бір рет болсын тұзды артық не кем қосып қоюы мүмкін. Ондай қате Шадияр да болып тұрады. Ұнды шашады, жұмыртқаны құлатады. Кейде еркелеп, ерініп, шаршап қалады.
Шадияр күнде тамақ жасамайды. Көпшілік сұраған соң және өзі қызыққаннан кейін контент үшін дайындап, түсіреміз. Бірақ не дегенмен, бала ғой. Кейде шаршап қалады. Баланы қатты қинамаймын, еркінен тыс мәжбүрлемейміз, — дейді Перизат.
Перизат болашақта ұлы аспаз болса, қолдайтынын айтады. Ал бүгінде Шадиярдың хоббиі баланың дамуы және контент үшін екен.
Алғашқыда әкесі «асүйге, тамаққа жолатпашы» деп қарсылық танытқан еді. Кейін жолдасым да оның контент екенін түсінді.
Шадиярдың анасы Перизат Өтеген — психоаналитик. Маман ретінде айтуынша, қазіргі балалардың есте сақтау қабілеті төмен. Сондықтан олар жаңа дүниеге тез қызығып, тез қайтады. Мұны ата-аналар ескергені жөн.
Қазіргі ата-аналардың бала дамуына, психологиясына аса мән беретінін байқаймын. Бұл — қуантарлық жағдай. Десе де түрлі мәселесін айтып, жазатын кісілер де бар. Көбі: «баламның тілі шықпай жатыр» дейді. Оларға айтарым — балаға көп көңіл бөлу және коммуникация орнату. Таңертең «қайырлы таң! Бүгін қандай түс көрдің?» деп сұраңыз. Ол түстің не екенін білмеуі мүмкін. Дегенмен сөздік қорында жаңа сөз пайда болады. Баланы жан-жақты дамытуға тырысыңыз, бірақ асыра сілтеп қинауға да болмайды, — дейді Перизат Өтеген.