Қаржылай көмек Qazkom-да зардап шеккен азаматтардың немесе олардың заңды өкілдерінің атына ашылатын арнайы депозиттерге аударылады.
«Шахан кентіндегі трагедия бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Оқыс оқиға салдарынан тоғыз азаматымыздан айырылдық, оның ішінде үш бала бар, ондаған отбасы баспанасыз қалды. Біз бұл отбасылардың болашағына алаңдаймыз және қиын сәтте қолдау білдіргіміз келді», — дейді Qazkom басқарма төрағасының бірінші орынбасары Абай Ескендіров.
Банк басқармасының шешімімен қаржылай көмек банктің таза табысы есебінен бөлінеді. Депозиттер жергілікті әкімдік берген ресми тізім негізінде таяу уақытта ашылады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Шахандықтарға Цеснабанк те көмек қолын созбақ. Банк 25 жылдық мерейтойын тойлаудың орнына 25 млн теңгені зардап шеккендерге беруге шешім қабылдады.