22 маусым сағат 11.50-де Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мәйітті Айғыржыққан және Өгем өзендерінің тоғысқан жерінен екі шақырым жоғарыда су түбінен тапқан, — деді Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Мүрдені тасымалдау үшін «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы тікұшағы оқиға орнына бара жатыр. Табылған мәйіт сараптама жасалу үшін полиция қызметкерлеріне табысталады.
Іздестіру жұмыстары 8 бағыт бойынша жүргізілді. Оған 107 адам, 17 техника, 3 квадрокоптер, 4 кинологиялық есеп пен 1 тікұшақ жұмылды.
Еске салайық, 25 мамырда сағат 18.30-да «112» пультіне жеті туристің жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Іздестіру жұмыстары 27 тәулік бойы жалғасты. Бұған дейін 3 турист құтқарылса, тағы үш туристің мәйіті табылған еді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері барша адамға таулы жерлерде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, дайындықсыз тауға шықпауға үндеді.