Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың студенттер өмірі мен ғашықтар туралы шығармасы «Махаббат, қызық мол жылдар» Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. Спектакль режиссеры — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали. Қойылымның композиторы — Ербол Нариманұлы, қоюшы-суретшісі — Айдана Бисембаева. Биін қойған хореограф — Шырын Мұстафина, ал хормейстер — Ғалымжан Берекешов.
Қойылымда Ербол ролінде Дархан Сүлейменов, ал Меңтай болып Гүлбаһрам Байбосынова ойнады. Спектакль сюжеті шығармадағы негізгі оқиғалармен үндес. Тек режиссер кейбір оқиғаны бүгінгі жағдаймен ұштастырған, өзінше ой-шешімін ұсынған. Режиссер бұл қойылымның алғашқы сахналық нұсқасын осыдан бес жыл бұрын жасапты. Қанша уақыт ойда пісіп жүріп, биыл көрерменге ұсынылып отыр. Ал жалпы шығармашылық топ спектакльге 4 ай дайындалған.
Фархад Молдағалидің айтуынша, үлкен шығарманы тұтас қойылымға айналдыру қиын болды. Дегенмен шығармашылық топ қойылымды автор Әзілхан Нұршайықовтың рухына арнады.
Негізгі мақсатымыз әр кейіпкердің жолын жоғалтып алмай, сол қалпы халыққа ұсыну еді. Мақсатымыз орындалды деп ойлаймын. Себебі көрермен тыпыр етпей, соңына дейін көріп шықты. Қойылымда шынайылық бар. Халық соны сезгенінен кейіпкерлермен бір көңіл-күйде отырып, уақыттың өткенін білмей қалды. Премьера ойдағыдай өтті. Актерлар кейіпкерді қалай сезді, тура солай ойнап шықты. Көрермен мен актер арасында байланыс орнатқымыз келді. Меніңше, дегенімізге жеттік, — деді режиссер Фархад Молдағали.
Сонымен қатар ол театрдың шығармашылық ұжымына қойылымға атсалысқаны үшін алғысын айтты.
Ал «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклінде композитор Ербол Нариманұлының көпке таныс «Таңғы блюз», «Туған үй» және «Тағдыр солай» әндері шырқалды. Композитордың айтуынша, осы әндер қойылымның көңіл-күйі мен сюжетіне келіп тұрды.
Өз әндерімнен бөлек музыка да жаздым. Олар қойылымда Меңтай мен Тұмаржанның сахнасында және басқа да кездерде қойылды. Бұл шығарма бәрімізге таныс болғаннан кейін спектакліне арнап, музыка шығару қиын болды дей алмаймын. Осындай үлкен жоба халықтың жүрегіне жетіп жатқанына өте қуаныштымын. Премьерада қатты толқып отырдым. Дайындықта қанша көріп жүрсем де, қойылымға әлі тоя алар емеспін, — деді композитор, әнші Ербол Нариманұлы.
«Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклінің премьерасы 19-20 маусым күндері өтті. Сонымен қатар спектакль 26,27,29,30 маусым күндері қойылады. Билетті Ticketon.kz сайтынан онлайн алуыңызға болады.
Тағы оқыңыз: Фоторепортаж: «Махаббат, қызық мол жылдар» романы ізімен