Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы адам құқығы туралы жарлыққа қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары саласында одан әрі шаралар қабылдау мақсатында қаулы етті:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) бекітсін, онда мынадай жұмыс бағыттарын көздесін:

  • БҰҰ-ның шарттық органдарымен және БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің арнаулы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;
  • адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету;
  • мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары;
  • әйелдерге қатысты кемсітуді жою;
  • бірлесу бостандығына құқық;
  • пікір білдіру бостандығына құқық;
  • адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы;
  • үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру;
  • адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары;

Сонымен бірге Үкіметке жыл сайын 25 қаңтарға қарай жыл қорытындылары бойынша Президент әкімшілігіне іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсыну тапсырылды.

Осы жарлықтың орындалуын бақылау Президент әкімшілігіне жүктелді. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.