БҚО-да “е-Өтініш” ақпараттық жүйесі іске қосылады

Тамара Босымбекқызы өз сөзінде республика аумағында енгізіліп жатқан азаматтардың арыз-шағымдарын жолдауына өте ыңғайлы “еӨтініш” ақпараттық жүйесінің жұмысымен таныстырды.
Президент Жолдауында айтылған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” 
тұғырнамасын нақты іске асыру басталды. 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа әкімшілік ресімдік-процессуалдық Кодекс қолданысқа енгізіледі. Онда көптеген оңды жаңалықтар бар. Солардың бірі – “е-Өтініш” ақпараттық жүйесі. Енді өтініш беруші “е-Өтініш” біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын көріп отыруға мүмкіндік алады. Өтініштерді қарау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқартылады.  Дәлелдер келтіру, оларды зерделеуге қатысу және түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну  құқығына ие болады. Егер мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруіне, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқығы бар, — деді Тамара Дүйсенова.

Кодекске сәйкес, бұдан былай  азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың “кінәлілік презумпциясы” қағидаты бойынша қарамақ. Яғни, өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейтін болады. Осы орайда сырғытпа жауап беру мен созбалаңға салу орындаушы қызметкердің емес, сонымен бірге бүкіл мемлекеттік органның жауапкершілігі деп есептеледі. Сынықты сылтау қылып, болмашы себептермен талап арыздарды кері қайтару тәжірибесін тоқтату үшін сот өтініш берушілерге талап арызды дұрыс жазуға көмектеседі.

Әкімшілік әділет жүйесін құру әлемнің озықелдерінің тәжірибесінде бар, Латвия, Грузия, Молдова, Әзірбайжан және басқа елдерде сәтті іске асырылуда.Қазіргі таңда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылған, ел көлемінде пилоттық қолдану басталды, — деді президент көмекшісі.

Тамара Дүйсенова өңірдегі белсенді азаматтармен, қала, аудан және ауылдық округ әкімдерімен кездесіп,мемлекеттік органдар жұмысының жаңа жағдайдағы жұмыс ерекшеліктері, өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктері туралы  баяндап берді.