Ислам Әбішев бостандыққа шығатын болды

Бұл туралы Ислам Әбішевтің адвокаты Ерлан Мәкенов Facebook-парақшасында жазды.

Бүгін Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы №2 Байқоңыр соты қаулысының күшін жойды және Ислам Алмаханұлы Әбішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандыру жайлы жаңа қаулы шығарды, — деп жазды адвокат Ерлан Мәкенов.

Адвокаттың айтуынша, оған Ислам Әбішевтің жасы мен қасақана заңбұзушылықтың болмауы негіз болған.

Бұл ақпаратты Ислам Әбішевтің жазықсыз жаланың құрбаны болды деп жүрген Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса хабарлады.

Ислам Әбіштің адвокаты Мәкіш Есқараев хабарласып, сүйінші сұрады. Триллион үнемдеп жүріп, түрмеге түскен, жазықсыз жаланың құрбаны болған Ислам Әбіш бүгін соттың үшінші отырысында мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды. Ел үшін еңбек еткен ердің бостандыққа шығуы оны қорғап, араша сұраған, «Қазақ үні» ұлттық порталында Президентке жазылған ашық хатқа қол қойған 200 мыңдай адамның, халықтың қуанышы! Халық үніне құлақ асатын, еститін үкімет дегеннің басы шығар бұл! Ұзағынан сүйіндірсін!, — деп жазды Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.

Еске салайық, Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтыр 18 ақпанда Ислам Әбішев пен Бүкіләлемдік қазақ күресі федерациясының экс-вице-президенті Серік Түкиевке үкім шығарды.

Сот оларды ірі мөлшерде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп таныды. Ислам Әбішев 60 миллион теңгеден астам пара алмақ болғаны үшін айыпты деп танылды. Комитеттің экс-басшысы Ш. есімді азаматтан Соколов су құбырын жаңарту бойынша келісімшарт бекіту үшін ақша талап еткен деген айып тағылды.

Іс Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-тармағы «қылмысқа оқталу» және 366-бабы 4-тармағы «аса ірі мөлшерде пара алу» бойынша қаралды.

Федерацияның бұрынғы вице-президенті Серік Түкиев Ислам Әбішевтің пайдасына 10 миллион теңге параны алуға жәрдемдескені үшін кінәлі деп таныды. Іс Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-тармағы «қылмыстық құқықбұзушылыққа жәрдемдесу» және 366-бабы 3-тармағы «аса ірі мөлшерде пара алу» бойынша қаралды.

Сот Ислам Әбішевті бес жылға, Серік Түкиевті төрт жылға бас бостандығынан айырды.

Ислам Әбішевтің ұсталғаны туралы 2019 жылдың наурызында белгілі болған еді.