«Қазавтожол»: Қазақстанда ақылы жолдардың төлемі өзгерген жоқ

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар төрт учаске бойынша ғана төлем алынатындығын айта кету керек. Төлем мөлшерлемесі көлік құралының жүк көтергіштігіне негізделе есептеледі.

Еске салайық, Қазақстанда ақылы жолдар төлемі төмендегідей:

  • жеңіл автокөліктерге 1 шақырым үшін 1 теңге. Бұл ретте жергілікті жеңіл көлік үшін құны 1 000 теңгені құрайтын бір жылдық абонемент қарастырылған;
  • автобустар үшін отырғызу орындарының санына байланысты бір шақырымға 5-тен 15 теңгеге дейін. Ал қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемнен босатылған.
  • жүк көтергіштігіне байланысты жүк автокөліктері үшін бір шақырымға 5 теңгеден 25 теңгеге дейін.

Автожолдардың жаңа учаскелерінде ақылы жүйені енгізу бойынша алыс жолға шығатын жүргізушілердің наразылығы да назардан тыс қалған жоқ. Министр бұл мәселе кейінгі 2 жыл ішінде «Атамекен» ҰКП-мен, қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде Қазақстанның тасымалдаушылар одақтарымен – «ҚазАТО» және Казлогистикс қауымдастықтарымен бірлесіп талқыланғанын атап өтті.

Оны шешу үшін министрлік, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Атамекен» ҰКП және Казлогистикс өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бүгінде жоғарыда аталған ведомстволар барлық қызығушылық танытқан тұлғалардың ұсыныстарын жинауда. Ұсыныстар толық жиналғаннан кейін, жаңа учаскелерде ақылы жүйені енгізу туралы және төлем мөлшерлемелері туралы бұйрықтардың жобалары қаралатын болады, — делінген хабарламада.