Заңгер: Жауапкерлер Бауыржан Байбектің талап-арызының мазмұнын бұрмалып отыр

Адвокат жазбасында Жанболат Мамай мен Инга Иманбаева Байбектің талап-арызының мазмұнын бұрмалап отыр деп айыптапты.

Жауапкерлер біздің шағымдарымыздың мәнін бұрмалап, Бауыржан Байбек олардың бейнежазбаларында келтірілген айыптаулардың бір бөлігін ғана жоққа шығаруды талап етеді деп айтып отыр, — деді Айжан Тәшенова.

Айжан Тәшенованың айтуынша, жемқорлық схемасына «дәлелдеме» ретінде Жанболат Мамай мен Инга Иманбаева Қазақфильм, Атакент, Іле-Алатау ұлттық паркі, әл-Фарабиден жоғары жақтағы алма бағы, Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары жерлерін құрылыс жүргізу және тұрақ салу үшін жеке қолға берді, автобустар сатып алу кезінде миллиондар алды-мыс деген сияқты қисынсыз мысалдар келтіреді.

Біздің талап-арызымызда сыбайлас жемқорлық туралы олардың жалған мәлімдемелерінің өзегін құрайтын неғұрлым резонансты дәл осы мысалдар қамтылды. Біз қабылданған шешімдердің заңдылығы мен ашықтығын растайтын барлық дәлелді ұсындық. Яғни, сыбайлас жемқорлық туралы фактілердің барлығы толықтай ойдан шығарылған: сыбайлас жемқорлық схемалары да, миллиард та, оған қоса, бизнес империя да жоқ. Сондықтан да жауапкерлердің басқа барлық айыптауы мән-мағынадан жұрдай!

Айжан Тәшенова

Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваның қалған барлық абстрактілі ойЫн тіпті қарастырмаймыз да, өйткені оларды сотта қарау заң тұрғысынан мағынасыз, яғни талап-арызға негіз бола алмайды. Атап айтқанда, Бауыржан Байбек құқық қорғау органдарына, соттарға, Орталық сайлау комиссиясына және т.б. ықпал етеді» деген шындыққа мүлдем жанаспайтын ғажайып мүмкіндіктерге қатысты айтқан сөздерін бар болғаны Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваның «қияли сандырағы» ғана деп бағалаймыз, — деп жазған Айжан Ташенова.

Еске салайық, бұған дейін Жанболат Мамайдың шулы видеоролигіне қатысты Бауыржан Байбектің өзі жауап қатып, қоғам белсендісін сотқа берген еді.

Бүгінге дейін соттың бірнеше дайындық отырыстары өтті. Сотта белсенді Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбаева Байбектің заңгері ұсынған бейнежазбаларға сараптаманың қорытындысымен келіспейтіндіктерін айтып, сотқа басқа тәуелсіз сараптама тағайындау туралы сұраған. Судья жауапкерлер тарапының бұл талабын қолдап, келесі отырысқа дейін тәуелсіз сараптама жүргізу туралы шешім шығарған.

Тараптар арасындағы соттың келесі отырысы 4 маусымға, сағат 10.00-ге тағайындалған.