8 маусымнан бастап Алматы-Самарқанд жаңа әуе рейсі ашылады

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылғы 8 маусымнан бастап Алматы мен Самарқанд қалалары арасында жаңа халықаралық тұрақты рейстер ашылады. Рейстерді Air Astana (3,7 күндері) және Uzbekistan Airways (2,6 күндері) әуе компаниялары аптасына 4 рет А-320/321 әуе кемелерімен  орындайды, — делінген хабарламада.

Ведомствоның хабарлауынша, жаңа халықаралық бағыттың ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және туристік қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Рейстер санитария-эпидемиология талаптарын қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.

Сонымен бірге биыл наурыз айында Қазақстан мен Өзбекстан арасында Ақтау-Үргеніш бағытында жаңа халықаралық рейсі іске қосылды. Ол рейстерді SCAT және Uzbekistan Airways әуе компаниялары орындайды.

Жалпы қазіргі уақытта екі ел арасында Нұр-Сұлтан — Ташкент, Алматы — Ташкент және Ақтау-Үргенш бағыттарында 24 тұрақты рейс орындалады.